A- A A+
Ақмола облысының жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы Ақмола облысының жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы
«Мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек туралы» Қазақстан Республикасының Заңын iске асыру жөнiндегi шаралар туралы

"Мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шiлдедегi Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етедi:

1. Қоса берiлiп отырған Мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмектi тағайындау және төлеу ережесi бекiтiлсiн.

2. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi:

бiр айлық мерзiмде жергiлiктi өкiлдi органдармен келiсiм бойынша Учаскелiк комиссиялар туралы ереженi әзiрлесiн және бекiтсiн;

атаулы әлеуметтiк көмектi алу үшiн өтiнiш берушiнiң отбасының құрамы туралы мәлiметтi куәландыратын уәкiлеттi органды белгiленген тәртiппен анықтасын;

өтiнiш берушiлердiң атаулы әлеуметтiк көмектi тағайындату үшiн ұсынатын құжаттарын тегiн куәландыруды белгiленген тәртiппен қамтамасыз етсiн.

3. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң кейбiр шешiмдерiнiң күшi қосымшаға сәйкес жойылды деп танылсын.

4. Осы қаулы 2002 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне енедi.

Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2001 жылғы 24 желтоқсандағы
N 1685 қаулысымен
бекiтiлген

Мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмектi тағайындау және төлеу ережесi

Осы Ереже "Мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес (бұдан әрi — Заң) мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмектi (бұдан әрi — атаулы әлеуметтiк көмек) тағайындау және төлеу тәртiбiн белгiлейдi.

1. Жалпы ережелер

1. Заңның 2-бабында көрсетiлген жеке адамдардың атаулы әлеуметтiк көмектi алуға құқығы бар.

2. Атаулы әлеуметтiк көмек жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен ақшалай нысанда көрсетiледi.

3. Атаулы әлеуметтiк көмектi алу құқығы тоқсан сайын табысы туралы құжаттар ұсыну арқылы расталады.

2. Атаулы әлеуметтiк көмектi тағайындау тәртiбi

Ескерту. 4-тармаққа өзгерту енгiзiледi — ҚР Үкiметiнiң 2007.04.30. N 352 (2010 жылғы 13 тамыздан бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

4. Атаулы әлеуметтiк көмектi тағайындату үшiн өтiнiш иесi өз атынан немесе отбасының атынан тұрғылықты жерiндегi уәкiлеттi органға немесе ол болмаған ретте кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмiне барып, осы Ереженiң 1-4-қосымшаларына сәйкес белгiленген үлгiдегi өтiнiш және басқа да құжаттар бланкiлерiн (бұдан әрi — құжаттар) тегiн алады.

Құжаттарды өтiнiш берушiнiң өзi толтырады және жеке басының куәлiгi мен әлеуметтiк жеке код (ӘЖК) берiлгендiгi туралы куәлiгiн көрсете отырып, оларды уәкiлеттi органға немесе кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмiне тапсырады.

Өтiнiш иесi келесi тоқсанда атаулы әлеуметтiк көмек тағайындауға қайта өтiнiш берген жағдайда, осы Ережеге 2-4-қосымшаларда қамтылған мәлiметтерде өзгерiстер болмаған кезде осы Ережеге 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтiнiш бланкiсi ғана толтырылады.

Осы Ережеде көзделмеген басқа құжаттарды ұсынуды талап етуге жол берiлмейдi.

Ескерту. 4-тармаққа өзгерту енгiзiлдi — ҚР Үкiметiнiң 2009.03.16. N 335 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-т. қараңыз) Қаулысымен.

5. Уәкiлеттi орган немесе кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмi құжаттарды тiркейдi және өтiнiш иесiне құжаттарды қабылдағаны туралы осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес растау қағазын бередi.

Уәкiлеттi орган немесе кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмi құжаттарды қабылдағаннан кейiн үш жұмыс күнi iшiнде қорытынды дайындау үшiн оларды учаскелiк комиссияларға бередi.

Учаскелiк комиссиялар уәкiлеттi органнан немесе кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмiнен құжаттарды алған күнiнен бастап бес күн мерзiмде ұсынылған құжаттар және (немесе) өтiнiш берушiнiң (отбасының) материалдық жағдайын тексеру (бұдан әрi — тексеру) нәтижелерi негiзiнде қорытынды (6-қосымша) дайындайды және оны уәкiлеттi органға немесе кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмiне бередi.

5-1. Тексеру өтiнiш иесiнiң қатысуымен, ал ол болмаған жағдайда — отбасының кәмелетке толған iс-әрекетке қабiлеттi мүшелерiнiң бiрiнiң қатысуымен жүргiзiледi.

5-2. Тексерудiң мақсаты өтiнiш берушiнiң (отбасының) материалдық жағдайын және өтiнiш иесiнiң атаулы әлеуметтiк көмек үшiн өтiнiш беруiне байланысты мән-жайларды зерделеу болып табылады.

5-3. Жүргiзiлген тексерудiң нәтижелерi бойынша учаскелiк комиссия 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтiнiш берушiнiң (отбасының) материалдық жағдайын тексеру актiсiн (бұдан әрi — тексеру актiсi) жасайды оған комиссия мүшелерi қол қояды.

5-4. Учаскелiк комиссия өтiнiш берушiнi, ал ол болмаған жағдайда — отбасының тексеру жүргiзуге қатысқан, кәмелетке толған iс-әрекетке қабiлеттi мүшелерiнiң бiрiне актiнi қол қойғызып таныстырады.

5-5. Өтiнiш иесiнiң, ал ол болмаған жағдайда — отбасының кәмелетке толған, iс-әрекетке қабiлеттi мүшелерiнiң бiрiнiң тексеру жүргiзуден бас тартуы тексеру актiсiне тiркеледi.

5-6. Өтiнiш берушi бiр күнтiзбелiк жылдың iшiнде қайта өтiнiш берген кезде тексеру жүргiзу өтiнiш берушiнiң тұратын жерi (бiр әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк шегiнде), оның (отбасының) құрамы мен табысы өзгерген жағдайда және өтiнiш берушi ұсынған мәлiметтердi нақтылау қажет болған кезде жүзеге асырылады.

Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда — ҚР Үкiметiнiң 2009.03.16. N 335 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-т. қараңыз) Қаулысымен.

6. Кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмi өтiнiш берушiлерден құжаттарды қабылдап алған күннен бастап жиырма күннен кешiктiрмей, өтiнiш берушiлердiң құжаттарын учаскелiк комиссиялардың қорытындыларымен қоса уәкiлеттi органға тапсырады. <*>

Уәкiлеттi орган кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмiнен алған өтiнiш берушiлердiң құжаттарын тiркейдi.

Ескерту. 6-тармақ өзгердi — ҚР Үкiметiнiң 2002.12.29 N 1440 , 2009.03.16. N 335 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-т. қараңыз) Қаулыларымен.

7. Уәкiлеттi орган қабылданған құжаттар мен учаскелiк комиссия қорытындысының негiзiнде құжаттарды өтiнiш берушiден немесе кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмiнен қабылдап алған күннен бастап он күн iшiнде оларды қарайды және атаулы әлеуметтiк көмектi тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешiмдi облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкiмдерi бекiтетiн нысан бойынша қабылдайды, бұл туралы өтiнiш берушiге жазбаша хабарлайды, бас тартқан жағдайда оның себебiн көрсетедi.

Атаулы әлеуметтiк көмектi тағайындау туралы немесе одан бас тарту туралы шешiмге уәкiлеттi органның басшысы немесе оның мiндетiн атқарушы адам қол қояды.

Адамның (отбасының) атаулы әлеуметтiк көмектi тағайындатуға өтiнiш берген тоқсанның алдындағы тоқсан iшiндегi жиынтық табысын уәкiлеттi орган халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруды қамтамасыз ететiн орталық атқарушы орган белгiлеген тәртiппен есептейдi.

Ескерту. 7-тармаққа өзгерту енгiзiлдi — ҚР Үкiметiнiң 2009.03.16. N 335 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-т. қараңыз) Қаулысымен.

8. Атаулы әлеуметтiк көмектi тағайындау оны алуға өтiнiш берген айдан бастап ағымдағы тоқсанның соңына дейiнгi мерзiмге жүзеге асырылады.

Өтiнiш берген ай деп құжаттарын қосып өтiнiш берген ай есептеледi.

Қаражат жетiспеген кезде атаулы әлеуметтiк көмек өтiнiш тiркелген хронологиялық тәртiппен берiледi.

9. Атаулы әлеуметтiк көмектiң айлық мөлшерiн уәкiлеттi орган отбасының әрбiр мүшесi бойынша немесе адамға жан басына шаққанда орташа табысы мен облыстарда, республикалық маңызы бар қалада, астанада белгiленген кедейлiк шегi арасындағы айырма түрiнде есептейдi.

Ескерту. 9-тармаққа өзгерту енгiзiлдi — ҚР Үкiметiнiң 2009.03.16. N 335 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-т. қараңыз) Қаулысымен.

3. Атаулы әлеуметтiк көмектi төлеу тәртiбi

10. Атаулы әлеуметтiк көмектi төлеу алушының таңдауы бойынша екiншi деңгейдегi банк арқылы, өзi таңдаған екiншi деңгейдегi банктегi немесе банк операцияларының тиiстi түрiне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң лицензиясы бар ұйымдағы жеке шотының деректерiн көрсете отырып берген өтiнiшi негiзiнде жүзеге асырылады.

11. Тағайындалған соманы алушылардың жеке шоттарына есептеу қаражаттың түсуiне қарай жүргiзiледi.

Жүктеу (DOCX 29 Kb)

Дата создания статьи: 26.12.2017 17:11
Парақтағы соңғы өзгерістер: 26.12.2017 17:11
Қаралым саны: 455

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

@2018 Ақмола облысының жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы

Пошталық мекенжайы: Көкшетау қаласы, Пушкин көшесі, 23

Телефон: 8 (7162) 76-36-90

Электрондық пошта адресі: social@akmo.kz