A- A A+
Ақмола облысының жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы Ақмола облысының жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы
Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 20 ақпандағы № 288-V ҚРЗ

•Мәтiн

•Ресми жарияланым

•Ақпарат

•Өзгерiстер тарихы

•Сiлтемелер

•Екi тiлде

•Көшiру

•Қағазға шығару

Жинақталған:

•Баспасөз релизi!

Баспасөз релизi!

Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2006 жылғы 13 желтоқсанда Нью-Йоркте қабылдаған Мүгедектердiң құқықтары туралы конвенция ратификациялансын.

Қазақстан Республикасының
Президентi                                                                                                            Н.Назарбаев

МҮГЕДЕКТЕРДIҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯ

теңтүпнұсқалы мәтiн

Мүгедектердiң құқықтары туралы конвенция

Кiрiспе

Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер,

a) Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында жарияланған адам отбасының барлық мүшелерiне тән қадiр-қасиетi мен құндылығы және олардың тең әрi ажырамас құқықтары бостандықтың, әдiлдiктiң және жалпыға бiрдей татулықтың негiзi ретiнде танылатын қағидаттарды еске сала отырып,

b) Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Адам құқықтарының жалпыға бiрдей декларациясында және Адам құқықтары жөнiндегi халықаралық пактiлерде әрбiр адам қандай да болмасын айырмашылықсыз оларда көзделген құқықтар мен бостандықтарға ие деп жариялағанын және бекiткенiн мойындай отырып,

c) адамның барлық құқықтары мен негiзгi бостандықтарының жалпыға бiрдейлiгiн, бөлiнбестiгiн, өзара тәуелдiлiгi мен өзара байланыстылығын, сондай-ақ мүгедектердi кемсiтпей олардың толық пайдалануына кепiлдiк беру қажеттiгiн растай отырып,

d) Экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактiге, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактiге, Нәсiлдiк кемсiтудiң барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенцияға, Әйелдерге қатысты кемсiтушiлiктiң барлық нысандарын жою туралы конвенцияға, Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерiне қарсы конвенцияға, Бала құқықтары туралы конвенцияға және Барлық еңбекшi-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерiнiң құқықтарын қорғау туралы халықаралық конвенцияға сiлтеме жасай отырып,

е) мүгедектiк — бұл эволюцияланатын ұғым екенiн және мүгедектiк денсаулығы бұзылған адамдар мен қоғам өмiрiне басқалармен бiрдей толық әрi тиiмдi қатысуына кедергi келтiретiн қарым-қатынастық және орта тосқауылдары арасындағы өзара iс-қимылдың нәтижесi болып табылатынын мойындай отырып,

f) Мүгедектерге қатысты дүниежүзiлiк iс-қимыл бағдарламасы мен Мүгедектер үшiн тең мүмкiндiктердi қамтамасыз етудiң стандартты қағидаларындағы қағидаттар мен басқару бағдарларының мүгедектерге тең мүмкiндiктердi одан әрi қамтамасыз етуге арналған ұлттық, өңiрлiк және халықаралық деңгейлердегi стратегияларды, жоспарларды, бағдарламаларды және iс-шараларды көтермелеуге, тұжырымдауға және бағалауға ықпал ету көзқарасы тұрғысынан маңыздылығын мойындай отырып,

g) мүгедектiк проблемаларын өзектi етудiң тұрақты дамудың тиiстi стратегияларының құрамдас бөлiгi ретiндегi маңыздылығын атап көрсете отырып,

h) сондай-ақ, кез келген адамға қатысты мүгедектiк белгiсi бойынша кемсiтушiлiк адамның жеке басына тән қадiр-қасиетi мен құндылықтарына қысым келтiрудi бiлдiретiнiн де мойындай отырып,

i) бұдан әрi мүгедектердiң алуан түрлiлiгiн мойындай отырып,

j) барлық мүгедектердiң, оның iшiнде неғұрлым белсендi қолдауға мұқтаж мүгедектердiң адам құқықтарын көтермелеу мен қорғаудың қажеттiгiн мойындай отырып,

k) осы әртүрлi құжаттар мен бастамаларға қарамастан, мүгедектердiң қоғам өмiрiне тең құқылы мүшелер ретiнде қатысу жолында тосқауылдарға және әлемнiң барлық бөлiктерiнде адам құқықтарының бұзылуына душар болып жататынына алаңдай отырып,

l) әрбiр елде, әсiресе дамушы елдерде мүгедектердiң өмiр сүру жағдайын жақсарту үшiн халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын мойындай отырып,

m) мүгедектердiң өздерiнiң жалпы әл-ауқатына және жергiлiктi қауымдастықтардың әр алуандығына қосып отырған қазiргi құнды және әлеуеттi үлесiн және мүгедектердiң өздерiнiң адам құқықтары мен негiзгi бостандықтарын толық iске асыруға, сондай-ақ мүгедектердiң толыққанды қатысуына жәрдемдесу олардың өздерiнiң қатысы бар екенiн сезiнуiн нығайтуға және қоғамның адами, әлеуметтiк және экономикалық дамуы мен кедейлiктi жоюда айтарлықтай жетiстiкке жетуiне мүмкiндiк беретiнiн мойындай отырып,

n) мүгедектер үшiн жеке дербестiгi мен өз таңдауын өзi жасау еркiндiгiн қоса алғанда, олардың тәуелсiздiгiнiң маңызды екенiн мойындай отырып,

о) мүгедектердiң стратегиялар мен бағдарламаларға қатысты, оның iшiнде өздерiне тiкелей қатысы бар шешiмдер қабылдау процестерiне белсендi тартылу мүмкiндiктерi болуға тиiс деп есептей отырып,

р) мүгедектердiң тап болып жататын, нәсiлдiк белгiсi, терiсiнiң түсi, жынысы, тiлi, дiнi, саяси және өзге де нанымы, ұлттық, этностық, аборигендiк немесе әлеуметтiк шығу тегi, мүлiктiк жағдайы, тууы, жасы немесе өзге де мән-жайлар бойынша кемсiтудiң көптеген немесе шиеленiскен нысандарына ұшырайтын қиын жағдайларға алаңдай отырып,

q) мүгедек әйелдер мен мүгедек қыздар үйде де, үйден тыс жерде де зорлықтың, жарақаттанудың немесе қорлаудың, немқұрайлы немесе басына қараудың, жаман қараудың немесе қанаудың үлкен қатерiне көп ұшырайтындарын мойындай отырып,

r) мүгедек балалар басқа балалармен тең дәрежеде барлық адам құқықтары мен негiзгi бостандықтарын толық көлемде пайдалануға тиiс екенiн мойындай отырып және осыған байланысты Бала құқықтары туралы конвенцияға қатысушы мемлекеттердiң өздерiне алған мiндеттемелерiн естерiне сала отырып,

s) мүгедектердiң адам құқықтары мен негiзгi бостандықтарын толық iске асыруына жәрдемдесу жөнiндегi барлық күш-жiгерде гендерлiк аспектiнi ескеру қажеттiгiн атап көрсете отырып,

t) мүгедектердiң көпшiлiгiнiң жоқшылық жағдайда өмiр сүрiп жатқан фактiсiн атап көрсете отырып және осыған байланысты жоқшылықтың мүгедектерге терiс ықпал ету проблемасымен айналысудың аса қажеттiлiгiн мойындай отырып,

u) Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында жазылған мақсаттар мен қағидаттарды толық құрметтеуге және адам құқықтары саласында қолданылатын шарттарды сақтауға негiзделген бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiк жағдайы мүгедектердi толық қорғауға, атап айтқанда қарулы қақтығыстар мен шетел басқыншылығы кезiнде қорғауға арналған қажеттi шарт болып табылатынын назарға ала отырып,

v) табиғи, әлеуметтiк, экономикалық және мәдени ортаның, денсаулық сақтау мен бiлiм берудiң, сондай-ақ ақпарат пен байланыстың қолжетiмдiлiгiнiң маңыздылығын мойындай отырып, өйткенi ол мүгедектерге барлық адам құқықтары мен негiзгi бостандықтарын толыққанды пайдалануға мүмкiндiк бередi,

w) әрбiр жеке адам басқа адамдарға және өзi кiретiн ұжымға қатысты мiндеттер ала отырып, Адам құқықтары жөнiндегi халықаралық биллде танылатын құқықтарды көтермелеу мен сақтауға қол жеткiзуге тиiс екенiн назарға ала отырып,

х) отбасы қоғамның табиғи және негiзгi ұясы болып табылатынына және қоғам мен мемлекет тарапынан қорғалуға құқылы екенiне және мүгедектер мен олардың отбасы мүшелерi қажеттi қорғау мен отбасыларға мүгедектер құқықтарын толық және тең пайдалану iсiне үлес қосуға мүмкiндiк беретiн көмектi алуға тиiс екенiне сенiмдi бола отырып,

y) мүгедектердiң құқықтары мен қадiр-қасиетiн көтермелеу және қорғау туралы жан-жақты және бiрыңғай халықаралық конвенция мүгедектердiң аса қолайсыз әлеуметтiк жағдайын еңсерудегi және олардың азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтiк және мәдени өмiрге дамыған елдерде де, дамушы елдерде де тең мүмкiндiктермен қатысуын кеңейтудегi маңызды үлесi болып табылатынына сенiмдi бола отырып,

төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап. Мақсат

Осы Конвенцияның мақсаты барша мүгедектердiң барлық адам құқықтары мен негiзгi бостандықтарын толық және тең дәрежеде iске асыруын көтермелеу, қорғауда және қамтамасыз етуде, сондай-ақ оларға тән қадiр-қасиеттi құрметтеудi көтермелеу болып табылады.

Мүгедектерге әртүрлi тосқауылдармен өзара iс-қимыл кезiнде олардың қоғам өмiрiне басқалармен тең дәрежеде толық және тиiмдi қатысуына кедергi келтiруi мүмкiн тұрақты дене, психикалық, интеллектуалдық немесе сенсорлық кемiстiгi бар адамдар жатады.

2-бап. Анықтамалар

Осы Конвенцияның мақсаттары үшiн:

«қарым-қатынас» баспа материалдары, аудиоқұралдар, қарапайым тiл, оқып берушiлер сияқты тiлдердi, мәтiндердi, Брайль әлiпбиiн, тактильдi қарым-қатынасты, iрi қарiптi, қолжетiмдi мультимедиалық құралдарды, сондай-ақ қолжетiмдi ақпараттық-коммуникациялық технологияны қоса алғанда, қарым-қатынастың күшейтушi және балама әдiстерiн, тәсiлдерiн және форматтарын пайдалануды қамтиды;

«тiл» сөйлесу және ымдау тiлдерiн және сөйлемейтiн тiлдердiң басқа да нысандарын қамтиды;

«мүгедектiк белгiсi бойынша кемсiту» — мақсаты немесе нәтижесi саяси, экономикалық, әлеуметтiк, мәдени, азаматтық немесе кез келген өзге саладағы адамның барлық құқықтары мен негiзгi бостандықтарын басқалармен тең дәрежеде тануды, iске асыруды немесе жүзеге асыруды төмендету немесе терiске шығару болып табылатын мүгедектiгi салдарынан кез келген бөлектеудi, есепке алмауды немесе шектеудi бiлдiредi. Ол кемсiтудiң барлық нысандарын, оның iшiнде жүйелi бейiмдеуден бас тартуды қамтиды;

«жүйелi бейiмдеу» нақты жағдайда қажет болғанда мүгедектердiң адамның барлық құқықтары мен негiзгi бостандықтарын басқалармен тең дәрежеде iске асыруын қамтамасыз етуi немесе жүзеге асыруы мақсатында мөлшерлес емес немесе ақталмаған ауыртпалық болмайтындай қажеттi және сәйкес келетiн модификациялар мен түзетулердi енгiзудi бiлдiредi;

«әмбебап дизайн» барлық адамдар үшiн бейiмделудiң немесе арнайы дизайнның қажеттiлiгiнсiз пайдалануға барынша мүмкiн дәрежеде жарамды етуге арналған заттардың, жағдайлардың, бағдарламалардың және көрсетiлетiн қызметтердiң дизайнын бiлдiредi. «Әмбебап дизайн» қажет болған жерде мүгедектердiң нақты топтарына арналған ассистивтi құрылғыны жоққа шығармайды.

3-бап. Жалпы қағидаттар

Мыналар:

а) адамға тән қадiр-қасиеттi, оның өз таңдауын жасау еркiндiгiн қоса алғандағы жеке дербестiгiн және тәуелсiздiгiн құрметтеу;

b) кемсiтпеушiлiк;

с) қоғамға толық және тиiмдi тарту және қосу;

d) мүгедектердiң ерекшелiктерiн құрметтеу және оларды адами алуан түрлiлiктiң компонентi және адамзаттың бiр бөлшегi ретiнде қабылдау;

е) мүмкiндiктер теңдiгi;

f) қолжетiмдiлiк;

g) ерлер мен әйелдердiң теңдiгi;

h) мүгедек балалардың даму қабiлеттерiн құрметтеу және мүгедек балалардың өз жеке қасиетiн сақтау құқықтарын құрметтеу осы Конвенцияның қағидаттары болып табылады.

4-бап. Жалпы мiндеттемелер

1. Қатысушы мемлекеттер барша мүгедектердiң адамның барлық құқықтары мен негiзгi бостандықтарын мүгедектiк белгiсi бойынша ешқандай да кемсiтушiлiксiз толық iске асыруын қамтамасыз етуге және көтермелеуге мiндеттенедi. Осы мақсатта қатысушы мемлекеттер:

a) осы Конвенцияда танылатын құқықтарды жүзеге асыру үшiн барлық тиiстi заңнамалық, әкiмшiлiк және өзге де шараларды қабылдауға;

b) мүгедектерге қатысты кемсiтушi болып табылатын қолданыстағы заңдарды, қаулыларды, дәстүрлер мен ұстанымдарды өзгерту немесе олардың күшiн жою үшiн барлық тиiстi, оның iшiнде заңнамалық шараларды қабылдауға;

c) барлық стратегиялар мен бағдарламаларда мүгедектердiң адам құқықтарының қорғалуы мен көтермеленуiн ескеруге;

d) осы Конвенцияға сәйкес келмейтiн кез келген iс-қимылдан немесе әдiстерден қалыс қалуға және мемлекеттiк органдар мен мекемелердiң осы Конвенцияға сәйкес iс-қимыл жасауын қамтамасыз етуге;

е) кез келген адам, ұйым немесе жеке кәсiпорын тарапынан болатын мүгедектiк белгiсi бойынша кемсiтушiлiктi жою үшiн барлық тиiстi шараларды қабылдауға;

f) мүгедектiң нақты қажеттiлiктерiне ыңғайластыру барынша аз бейiмделу мен мейiлiнше аз шығынды талап ететiндей тауарлардың, көрсетiлетiн қызметтердiң, жабдықтар мен әмбебап дизайн объектiлерiнiң (осы Конвенцияның 2-бабындаайқындалатын) зерттеу және конструкторлық әзiрлемелерiн жүргiзуге немесе көтермелеуге, олардың қолда болуына және пайдаланылуына жағдай жасауға, сондай-ақ стандарттар мен басқару бағдарларын жасау кезiнде әмбебап дизайн идеясын iлгерiлетуге;

g) зерттеу және конструкторлық әзiрлемелер жүргiзуге немесе көтермелеуге, сондай-ақ қымбат емес технологияларға бiрiншi кезекте көңiл бөле отырып, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, ұтқырлықты жеңiлдететiн құралдарды, мүгедектерге лайықты құрылғылар мен ассистивтi технологияларды қоса алғанда, жаңа технологиялардың болуына және пайдаланылуына жағдай жасауға;

h) мүгедектерге ұтқырлықты жеңiлдететiн құралдар, құрылғылар және ассистивтi технологиялар, оның iшiнде жаңа технологиялар, сондай-ақ көмектiң басқа да нысандары, қосалқы көрсетiлетiн қызметтер және объектiлер туралы қолжетiмдi ақпарат беруге;

i) мүгедектермен жұмыс iстейтiн мамандарға және адамдарға осы Конвенцияда танылған құқықтарды оқытуды, осы құқықтар кепiлдiк берген көмек пен көрсетiлетiн қызметтердi ұсынуды жетiлдiру үшiн көтермелеуге мiндеттенедi.

2. Экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқықтарға қатысты әрбiр қатысушы мемлекет өзiнде бар ресурстарды барынша iске қоса отырып, ал қажет болған жағдайда — халықаралық ынтымақтастықты пайдалана отырып, осы Конвенцияда тұжырымдалған, халықаралық құқықтарға сәйкес тiкелей қолданылатын болып табылатын мiндеттемелерге нұқсан келтiрмей, осы құқықтарды толық iске асыруға бiртiндеп қол жеткiзуге арналған шараларды қабылдауға мiндеттенедi.

3. Осы Конвенцияны жүзеге асыруға бағытталған заңнаманы және стратегияны әзiрлеу және қолдану кезiнде және мүгедектерге қатысты мәселелер бойынша шешiмдер қабылдаудың басқа да процестерi шеңберiнде қатысушы мемлекеттер мүгедек балаларды қоса алғанда мүгедектермен тығыз консультация жасайды және олардың өкiлдi ұйымдары арқылы оларды белсендi түрде тартады.

4. Осы Конвенциядағы ешнәрсе де мүгедектердiң құқықтарын iске асыруға көп дәрежеде ықпал жасайтын және қатысушы мемлекеттiң заңдарындағы немесе осы мемлекетте қолданылатын халықаралық құқық нормаларындағы қандай да бiр ережелердi қозғамайды. Осы Конвенцияға қандай да бiр қатысушы мемлекетте танылатын немесе қолданылатын қандай да бiр адам құқықтары мен негiзгi бостандықтарын заңның, конвенциялардың, қағидалардың немесе әдет-ғұрыптардың күшiмен, осы Конвенцияда мұндай құқықтар немесе бостандықтар танылмайды немесе мұнда олар аз дәрежеде танылады деген сылтаумен ешқандай шектеуге немесе төмендетуге жол берiлмейдi.

5. Осы Конвенцияның ережелерi федеративтiк мемлекеттердiң барлық бөлiктерiнде қандай да бiр шектеусiз немесе алып тастауларсыз қолданылады.

5-бап. Теңдiк және кемсiтпеушiлiк

1. Қатысушы мемлекеттер барлық адамдар заң алдында және ол бойынша тең және заңның тең қорғауына және оны ешбiр кемсiтусiз тең қолдануға құқылы екенiн мойындайды.

2. Қатысушы мемлекеттер мүгедектiк белгiсi бойынша кез келген кемсiтушiлiкке тыйым салады және мүгедектердi кез келген негiздегi кемсiтушiлiктен тең және тиiмдi құқықтық қорғауға кепiлдiк бередi.

3. Қатысушы мемлекеттер теңдiктi көтермелеу және кемсiтушiлiктi жою үшiн орынды бейiмдеудi қамтамасыз етуге арналған барлық тиiстi қадамдарды жасайды.

4. Мүгедектердiң iс жүзiндегi теңдiгiн жеделдету немесе оған қол жеткiзу үшiн қажет нақты шаралар осы Конвенцияның мәнi бойынша кемсiту болып саналмайды.

6-бап. Мүгедек әйелдер

1. Қатысушы мемлекеттер мүгедек әйелдердiң және мүгедек қыздардың көптеген кемсiтуге ұшырайтынын мойындайды және осыған байланысты олардың адамның барлық құқықтары мен негiзгi бостандықтарын толық және тең жүзеге асыруын қамтамасыз ету үшiн шаралар қабылдайды.

2. Қатысушы мемлекеттер әйелдердiң жан-жақты дамуын, жағдайының жақсаруын және құқықтары мен мүмкiндiктерiнiң кеңеюiн қамтамасыз ету үшiн, олардың осы Конвенцияда бекiтiлген адам құқықтары мен негiзгi бостандықтарды жүзеге асыруына немесе iске асыруына кепiлдiк беру үшiн барлық тиiстi шараларды қабылдайды.

7-бап. Мүгедек балалар

1. Қатысушы мемлекеттер мүгедек балалардың адамның барлық құқықтары мен негiзгi бостандықтарын басқа балалармен тең дәрежеде толық жүзеге асыруын қамтамасыз ету үшiн барлық қажеттi шараларды қабылдайды.

2. Мүгедек балаларға қатысты барлық iс-қимылдарда бiрiншi кезекте баланың жоғары мүдделерiне көңiл бөлiнедi.

3. Қатысушы мемлекеттер мүгедек балалардың оларды қозғайтын барлық мәселелер бойынша өздерiнiң басқа балалармен тең дәрежеде олардың жасы мен кәмелеттiлiгiне сәйкес келетiн тиiстi салмаққа ие болатын көзқарастарын еркiн бiлдiру және осы құқықты iске асыруға мүгедектiгi мен жасына сәйкес келетiн көмектi алуға құқығы болуын қамтамасыз етедi.

8-бап. Ағарту-тәрбие жұмысы

1. Қатысушы мемлекеттер:

a) жалпы қоғамның, оның iшiнде отбасы деңгейiнде, мүгедектiк мәселелерiндегi ағартушылықты арттыруға және мүгедектердiң құқықтары мен қадiр-қасиеттерiн құрметтеу сезiмiн нығайтуға;

b) өмiрдiң барлық салаларында мүгедектерге қатысты, оның iшiнде жыныстық тиiстiлiгi мен жасы негiзiнде стереотиптерге, ырымдарға және зиянды ғұрыптарға қарсы күрес жүргiзуге;

c) мүгедектердiң әлеуетi мен үлесiн насихаттау үшiн тез арада, тиiмдi және тиiстi шаралар қабылдауға мiндеттенедi.

2. Осы мақсатта қабылданатын шаралар мыналарды:

a) тиiмдi қоғамдық-ағарту науқанын өрiстетудi және жүргiзудi, олар мыналарға:

I) мүгедектердiң құқықтарына түсiнiстiкпен қарауға тәрбиелеуге;

II) мүгедектер туралы оң түсiнiктердi және оларды қоғамның неғұрлым терең түсiнуiн көтермелеуге;

III) мүгедектердiң дағдыларын, қадiр-қасиеттерiн және қабiлетiн, сондай-ақ олардың жұмыс орны мен еңбек нарығындағы үлесiн мойындауға жәрдемдесуге арналуға тиiс;

b) бiлiм беру жүйесiнiң барлық деңгейлерiнде, оның iшiнде ерте жастан бастап барлық балаларды мүгедектер құқықтарына құрметпен қарауға тәрбиелеудi;

c) барлық бұқаралық ақпарат органдарын мүгедектердi осы Конвенцияның мақсатына сәйкес келетiндей етiп бейнелеуге шақыруды;

d) мүгедектер мен олардың құқықтарына арналған тәрбиелiк-танымдық бағдарламаларды iлгерiлетудi қамтиды.

9-бап. Қолжетiмдiлiк

1. Мүгедектерге тәуелсiз өмiр салтын жүргiзу және өмiрдiң барлық аспектiлерiне жан-жақты қатысу мүмкiндiгiн беру үшiн қатысушы мемлекеттер мүгедектердiң басқалармен тең дәрежеде табиғи айналасына, көлiкке, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен жүйелердi қоса алғандағы ақпарат пен байланысқа, сондай-ақ қалалық және ауылдық аудандарда халық үшiн ашық немесе ұсынылатын басқа да объектiлер мен көрсетiлетiн қызметтерге қол жеткiзуiн қамтамасыз ету үшiн тиiстi шаралар қабылдайды. Қол жеткiзуге кедергi жасайтын кедергiлер мен тосқауылдарды анықтауды және жоюды қамтитын бұл шаралар, атап айтқанда:

a) мектептердi, тұрғын үйлердi, медициналық мекемелердi және жұмыс орындарын қоса алғанда, ғимараттарға, жолдарға, көлiк пен басқа да iшкi және сыртқы объектiлерге;

b) ақпараттық, коммуникациялық қызметтерге және электрондық қызметтер мен шұғыл қызметтердi қоса алғанда, басқа да қызметтерге қатысты қолданылуға тиiс.

2. Қатысушы мемлекеттер сондай-ақ:

a) халық үшiн ашық немесе ұсынылатын объектiлер мен көрсетiлетiн қызметтерге қолжетiмдiлiгiн көздейтiн ең төменгi стандарттар мен басқарушылық бағдарларын әзiрлеу, оларды қолданысқа енгiзу және олардың сақталуын бақылау;

b) халық үшiн ашық немесе ұсынылатын объектiлер мен көрсетiлетiн қызметтердi ұсынатын жеке кәсiпорындар мүгедектер үшiн қолжетiмдi болудың барлық аспектiлерiн ескеруiн қамтамасыз ету;

c) барлық тартылған тараптар үшiн мүгедектер ұшырасатын қолжетiмдiлiк проблемалары жөнiнде нұсқама берудi ұйымдастыру;

d) халық үшiн ашық ғимараттар мен басқа да объектiлердi Брайль әлiпбиiмен жазылған және жеңiл оқылатын және түсiнiктi нысандағы таңбалармен жабдықтау;

е) халық үшiн ашық ғимараттар мен басқа да объектiлерге қолжетiмдiлiктi жеңiлдету үшiн көмекшiлер мен делдалдардың, оның iшiнде жолсерiктердiң, оқып берушiлердiң және кәсiби сурдоаудармашылардың әртүрлi көрсетiлетiн қызмет түрлерiн ұсыну;

f) мүгедектерге олардың ақпаратқа қол жеткiзуiн қамтамасыз ететiн көмек пен қолдау көрсетудiң басқа да тиiстi нысандарын дамыту;

g) мүгедектердiң Интернеттi қоса алғанда, жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен жүйелерге қол жеткiзуiн көтермелеу;

h) бастапқыдан қолжетiмдi ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен жүйелердi жобалауды, әзiрлеудi, жасауды және таратуды осы технологиялар мен жүйелердiң қолжетiмдiлiгiне ең аз шығынмен қол жеткiзiлетiндей етiп көтермелеу үшiн тиiстi шараларды қабылдайды.

10-бап. Өмiр сүру құқығы

Қатысушы мемлекеттер әрбiр адамның өмiр сүруге ажырамас құқығын тағы да растайды және мүгедектердiң оны басқалармен тең дәрежеде тиiмдi жүзеге асыруын қамтамасыз ету үшiн қажеттi барлық шараларды қабылдайды.

11-бап. Қатерлi жағдайлар мен төтенше гуманитарлық жағдайлар

Қатысушы мемлекеттер халықаралық гуманитарлық құқық пен адам құқықтарының халықаралық құқығын қоса алғанда, халықаралық құқық бойынша өз мiндеттемелерiне сәйкес мүгедектердi қарулы қақтығыстарды, төтенше гуманитарлық жағдайларды және дүлей зiлзаланы қоса алғанда, қатерлi жағдайларда қорғауды және олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн қажеттi барлық шараларды қабылдайды.

12-бап. Заң алдындағы теңдiк

1. Қатысушы мемлекеттер әрбiр мүгедек қай жерде болмасын теңдей құқықтық қорғауға құқылы екенiн растайды.

2. Қатысушы мемлекеттер мүгедектердiң өмiрдiң барлық аспектiлерiнде басқалармен теңдей құқық қабiлеттiлiгiне ие екенiн мойындайды.

3. Қатысушы мемлекеттер мүгедектерге өздерiнiң құқық қабiлеттiлiктерiн iске асыруы кезiнде талап етiлуi мүмкiн қолдауға қол жеткiзудi ұсыну үшiн тиiстi шараларды қабылдайды.

4. Қатысушы мемлекеттер құқық қабiлеттiлiгiн iске асырумен байланысты барлық шаралардың адам құқықтарының халықаралық құқығына сәйкес асыра пайдалануды болдырмаудың тиiстi және тиiмдi кепiлдiктерiн көздеуiн қамтамасыз етедi. Мұндай кепiлдiктер құқық қабiлеттiлiгiн iске асырумен байланысты шаралардың адамның құқықтарын, ерiк-жiгерiн және қалауын құрметтеуге бағытталуын, мүдделер қақтығысынан және қолайсыз ықпал етуден еркiн болуын, осы адамның жағдайларымен мөлшерлес болуын және соған бейiмделуiн, барынша аз мерзiм iшiнде қолданылуын және құзыреттi, тәуелсiз және бейтарап органның немесе сот инстанциясының жүйелi тексеру жүргiзуiн қамтамасыз етуге тиiс. Бұл кепiлдiктер мұндай шаралардың осы адамның құқықтары мен мүдделерiн қозғайтын дәрежесiне мөлшерлес болуға тиiс.

5. Осы баптың ережелерiн ескере отырып, қатысушы мемлекеттер мүгедектердiң мүлiкке ие болу және мұраға алу, өз қаржы iстерiн басқару, сондай-ақ банк несиесiне, ипотекалық кредиттерге және қаржылық кредиттеудiң басқа да нысандарына бiрдей қол жеткiзуге теңдей құқықтарын қамтамасыз ету үшiн барлық тиiстi және тиiмдi шараларды қабылдайды және мүгедектердiң өз мүлiктерiнен өз еркiмен айырылып қалмауын қамтамасыз етедi.

13-бап. Сот төрелiгiне қол жеткiзу

1. Қатысушы мемлекеттер мүгедектердiң басқалармен тең дәрежеде, оның iшiнде олардың тергеп-тексеру кезеңi мен алдын ала iс жүргiзудiң басқа да сатыларын қоса алғанда, заңдық процестiң барлық кезеңдерiнде өздерiнiң тiкелей және жанама қатысушылардың, оның iшiнде куәгерлердiң тиiмдi рөлiн атқаруын жеңiлдететiн процестiк және жасына сәйкес келетiн түзетулердi көздей отырып, тиiмдi сот төрелiгiне қол жеткiзуiн қамтамасыз етедi.

2. Мүгедектердiң сот төрелiгiне тиiмдi қол жеткiзуiн қамтамасыз етуге жәрдемдесу үшiн қатысушы мемлекеттер сот төрелiгiн жүзеге асыру саласында, оның iшiнде полицияда және пенитенциарлық жүйеде жұмыс iстейтiн адамдарды тиiстi оқытуға ықпал жасайды.

14-бап. Еркiндiк және жеке басына қол сұғылмаушылық

1. Қатысушы мемлекеттер мүгедектердiң басқалармен теңдей дәрежеде:

a) еркiндiк және жеке басына қол сұғылмаушылық құқығын пайдалануын;

b) еркiндiгiнен заңсыз немесе ерiктi түрде айырылмауын және кез келген еркiндiгiнен айырудың заңға сәйкес болуын, ал мүгедектiгiнiң болуы қандай жағдайда болмасын еркiндiгiнен айыруға негiз болмауын қамтамасыз етедi.

2. Қатысушы мемлекеттер, егер де қандай да бiр рәсiмнiң негiзiнде мүгедектер еркiндiгiнен айырылған болса, оларға басқалармен теңдей дәрежеде адам құқықтарының халықаралық құқығына сәйкес келетiн және жүйелi бейiмделудi қамтамасыз етудi қоса алғанда, олармен қарым-қатынас осы Конвенцияның мақсаттары мен қағидаттарына сәйкес болуына кепiлдiктер берiлуiн қамтамасыз етедi.

15-бап. Азаптаулардан және қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын

немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерiнен еркiн болу

1. Ешкiм азаптауларға, қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намыстын қорлайтын iс-әрекеттер немесе жазалауға тап болмауға тиiс. Атап айтқанда, ешбiр адамға оның еркiн келiсiмiнсiз медициналық немесе ғылыми тәжiрибе жасалмауға тиiс.

2. Қатысушы мемлекеттер мүгедектер басқалармен тең дәрежеде азаптауларға немесе қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерiне ұшырамауы үшiн барлық тиiмдi заңнамалық, әкiмшiлiк, соттық немесе өзге де шараларды қабылдайды.

16-бап. Қанаудан, зорлықтан және қорлаудан еркiндiк

1. Қатысушы мемлекеттер мүгедектердi үйде де, одан тыс жерде де қанаудың, зорлықтың және қорлаудың, оның iшiнде гендерлiк астары бар аспектiлердiң барлық түрлерiнен қорғау үшiн барлық тиiстi заңнамалық, әкiмшiлiк, әлеуметтiк, ағартушылық және өзге де шараларды қабылдайды.

2. Қатысушы мемлекеттер сол сияқты қанаудың, зорлықтың және қорлаудың барлық түрлерiнiң алдын алу үшiн барлық тиiстi шараларды, атап айтқанда, мүгедектерге, олардың отбасыларына және мүгедектердi күтiп-бағатын адамдарға жас-жыныстық ерекшелiгiн ескеретiн көмек пен қолдау көрсетудiң қолайлы нысандарын, оның iшiнде қанаудан, зорлықтан және қорлаудан қалай аулақ болу, оларды анықтау және олар жайында хабарлау туралы мәселедегi таныстыру және ағарту арқылы қабылдайды. Қатысушы мемлекеттер қорғаумен қамту қызметтерiнiң мүгедектiктiң жас-жыныстық ерекшелiгi мен факторын ескере отырып көрсетiлуiн қамтамасыз етедi.

3. Қатысушы мемлекеттер қанаудың, зорлықтың және қорлаудың барлық түрлерiнiң көрiнiсiнiң алдын алуға ұмтыла отырып, мүгедектерге қызмет көрсетуге арналған барлық мекемелер мен бағдарламалардың тәуелсiз органдар тарапынан тиiмдi қадағалауда болуын қамтамасыз етедi.

4. Қатысушы мемлекеттер қанаудың, зорлықтың және қорлаудың кез келген түрiнiң құрбаны болған мүгедектердi дене, когнитивтi және психологиялық қалпына келтiруге, оңалтуға және әлеуметтiк реинтеграциялауына, оның iшiнде қорғаумен қамту қызметтерiн көрсету арқылы жәрдемдесу үшiн барлық тиiстi шараларды қабылдайды. Мұндай қалпына келтiрулер мен реинтеграция тиiстi адамның денсаулығының нығаюына, әл-ауқатына, өзiн-өзi құрметтеуiне, қадiр-қасиетi мен дербестiгiне ықпал ететiндей ахуалда өтедi және жас-жыныстық ерекшелiктерiне байланысты қажеттiлiктер ескерiле отырып жүзеге асырылады.

5. Қатысушы мемлекеттер мүгедектерге қатысты қанау, зорлық және қорлау оқиғаларының анықталуын, тергеп-тексерiлуiн және тиiстi жағдайларда қудалануын қамтамасыз ету үшiн тиiмдi, оның iшiнде әйелдер мен балаларға бағдарланған заңнама мен стратегияларды қабылдайды.

17-бап. Жеке тұтастықты қорғау

Әрбiр мүгедек өзiнiң дене және психикалық тұтастығының басқалармен теңдей дәрежеде құрметтелуiне құқылы.

18-бап. Еркiн жүрiп-тұру және азаматтық

1. Қатысушы мемлекеттер мүгедектердiң басқалармен тең дәрежеде еркiн жүрiп-тұру, тұрғылықты тұратын жерiн еркiн таңдау және азаматтық алу құқықтарын, оның iшiнде мүгедектердiң:

a) азаматтық алу және оны өзгерту құқығының болуын және өз азаматтығынан еркiн түрде немесе мүгедектiк себебi бойынша айырылмауын;

b) мүгедектiк себебi бойынша олардың азаматтығын растайтын құжаттар немесе олардың жеке басын куәландыратын өзге де құжаттар алу мүмкiндiгiнен айырылмауын, мұндай, мәселен, еркiн жүрiп-тұру құқығын жүзеге асыруды жеңiлдету үшiн қажет болуы мүмкiн көшi-кон құжаттарына ие болуын және оларды пайдалануын не тиiстi рәсiмдердi пайдалануын;

c) өз елiн қоса алғанда, кез келген елдi еркiн тастап шығу құқығының болуын;

d) өз елiне кiру құқығынан ерiктi түрде немесе мүгедектiк себебi бойынша айырылмауын қамтамасыз ету арқылы мойындайды.

2. Мүгедек балалар туылған бойда тiркеледi және олардың туылған кезiнен бастап есiмiнiң болуына және азаматтық алуына, сондай-ақ барынша мүмкiн дәрежеде өздерiнiң ата-аналарын бiлуiне және олардың қамқорлығына ие болуына құқығы бар.

19-бап. Дербес өмiр сүру салты және жергiлiктi қоғамдастықтарға

тартылу

Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер барлық мүгедектердiң басқа адамдармен тең таңдау нұсқаларымен әдеттегi тұрғылықты жерлерде өмiр сүруге теңдей құқықтарын мойындайды және мүгедектердiң осы құқықтарды толық iске асыруына және оларды жергiлiктi қоғамдастыққа толықтай тартуға және кiргiзуге жәрдемдесу үшiн тиiмдi және тиiстi шараларды, оның iшiнде:

a) мүгедектердiң басқа адамдармен тең дәрежеде өздерiнiң тұрғылықты жерiн, сондай-ақ қай жерде және кiммен бiрге тұруды таңдау мүмкiндiгiнiң болуын және қандай да белгiлi бiр тұрғын үй жағдайында тұруға мiндеттi болмауын;

b) мүгедектердiң үйде, тұратын жерiнде көрсетiлетiн әртүрлi қызметтерге және жергiлiктi қоғамдастықтағы өмiрдi қолдау және оған енгiзу үшiн, сондай-ақ жергiлiктi қоғамдастықтан оқшаулануына немесе сегрециялануына жол бермеу үшiн қажеттi дербес көмектердi қоса алғанда, жергiлiктi қоғамдастық базасындағы өзге де қосалқы қызметтерге қол жеткiзуiн;

c) жалпы халыққа арналған көрсетiлетiн қызметтер мен ұжымдық пайдалану объектiлерi теңдей дәрежеде мүгедектер үшiн қолжетiмдi болуын және олардың мұқтаждықтарына жауап беруiн қамтамасыз ете отырып қабылдайды.

20-бап. Жеке ұтқырлық

Қатысушы мемлекеттер мүгедектердiң жеке ұтқырлығын олардың барынша мүмкiн дербестiк дәрежесiмен қамтамасыз етуге арналған тиiмдi шараларды, оның iшiнде:

a) мүгедектердiң жеке ұтқырлығына олардың таңдаған тәсiлiмен, олар таңдаған уақытта және қолжетiмдi бағамен жәрдемдесу;

b) мүгедектердiң ұтқырлықты жеңiлдететiн сапалы құралдарға, құрылғыларға, ассистивтi технологияларға және көмекшiлер мен делдалдардың көрсететiн қызметтерiне, оның iшiнде олардың қолжетiмдi бағамен ұсынылуы есебiнен қол жеткiзуiн жеңiлдету;

c) мүгедектерге және олармен жұмыс iстейтiн кадр мамандарға ұтқырлық дағдыларын үйрету;

d) ұтқырлықты жеңiлдететiн құралдар, құрылғылар және ассистивтi технологиялар өндiрумен айналысатын кәсiпорындарды мүгедектердiң ұтқырлығының барлық аспектiлерiн ескеруге шақыру арқылы қабылдайды.

21-бап. Көзқарасы мен наным-сенiмiн бiлдiру еркiндiгi және

ақпаратқа қол жеткiзу

Қатысушы мемлекеттер мүгедектердiң көзқарасы мен наным-сенiмiн бiлдiру еркiндiгiне құқығын, өз таңдауы бойынша осы Конвенцияның 2-бабында айқындалатын қарым-қатынастың барлық түрлерiн пайдалана отырып, басқалармен тең дәрежеде ақпараттар мен идеяларды iздеу, алу және тарату еркiндiгiн қоса алғанда, пайдалана алуын қамтамасыз ету үшiн мыналарды:

a) мүгедектердi көпшiлiкке арналған ақпаратпен қолжетiмдi форматтарда және мүгедектiктiң түрлi нысандарының алдын алатын технологияларды пайдалана отырып, уақтылы және қосымша төлемсiз жабдықтауды;

b) ресми қатынастарда: ымдау тiлiн, Брайль әлiпбиiн, қарым-қатынастың күшейтушi және балама тәсiлдерiн және мүгедектердiң таңдауы бойынша басқа да барлық қолжетiмдi қарым-қатынас тәсiлдерiн, әдiстерiн және форматтарын қабылдауды және пайдалануға жәрдемдесудi;

c) көпшiлiкке, оның iшiнде Интернет арқылы қызметтер көрсететiн жеке кәсiпорындарды мүгедектерге қолжетiмдi және жарамды форматтарда ақпараттар мен көрсетiлетiн қызметтердi ұсынуға белсендi шақыруды;

d) бұқаралық ақпарат құралдарын, оның iшiнде Интернет арқылы ақпарат беретiндерiн өздерiнiң көрсететiн қызметтерiн мүгедектер үшiн қолжетiмдi өткiзуге шақыруды;

е) ымдау тiлiн пайдалануды мойындауды және көтермелеудi қоса алғанда барлық тиiстi шараларды қабылдайды.

22-бап. Жеке өмiрге қолсұғылмаушылық

1. Тұрғылықты жерiне немесе тұрғын үй жағдайларына қарамастан, бiр де бiр мүгедек жеке өмiрiнiң, отбасының, тұрғын үйiнiң немесе хат алмасуының және өзге де қарым-қатынас түрлерiнiң қолсұғылмаушылығына ерiктi түрде немесе заңсыз қол сұғылуына не болмаса оның ар-ожданы мен абырой-беделiне заңсыз шабуылға ұшырауға тиiс емес. Мүгедектердiң осындай қолсұғушылықтар мен шабуылдардан заңды қорғалуға құқығы бар.

2. Қатысушы мемлекеттер басқалармен теңдей дәрежеде мүгедектердiң жеке басы, денсаулық жағдайы және оңалуы туралы мәлiметтердiң құпиялылығын қорғайды.

23-бап. Үй мен отбасын құрметтеу

1. Қатысушы мемлекеттер некеге, отбасына, әке болуға, ана болуға және басқалармен тең дәрежедегi жеке қатынастарға қатысты барлық мәселелер бойынша мүгедектерге қатысты кемсiтудi жою үшiн тиiмдi және тиiстi шараларды қабылдайды, бұл ретте:

a) неке жасына жеткен барлық мүгедектердiң некеге тұру және некелесетiндердiң еркiн және толық келiсiмi негiзiнде отбасын құру құқықтарының мойындалуын;

b) мүгедектердiң балалардың саны мен олардың туылуы арасындағы интервалдар туралы еркiн әрi жауапкершiлiкпен шешiмдер қабылдауға және жасына сәйкес ақпарат пен ұрпақты болу мiнез-құлқы және отбасын жоспарлау мәселелерiнде ағартушылыққа қол жеткiзу құқықтарының мойындалуын, сондай-ақ олардың осы құқықтарын жүзеге асыруға мүмкiндiк беретiн құралдардың берiлуiн;

c) мүгедектердiң, балаларды қоса алғанда басқалармен тең дәрежеде өзiнiң фертильдiлiгiнiң сақталуын қамтамасыз етуге тырысады.

2. Қатысушы мемлекеттер мүгедектердiң балаларға қамқоршылыққа, қорғаншы болуға, қамқоршы болуға, оларды асырап алуға немесе аталған ұғымдар ұлттық заңнамада болған осыған ұқсас институттарға қатысты құқықтары мен мiндеттерiн қамтамасыз етедi; барлық жағдайларда да баланың жоғары мүдделерi бiрiншi дәрежелi мәнге ие. Қатысушы мемлекеттер мүгедектердiң балаларды тәрбиелеу жөнiндегi өз мiндеттерiн орындауда оларға тиiстi көмек көрсетедi.

3. Қатысушы мемлекеттер мүгедек балалардың отбасылық өмiрге қатысты тең құқықтарының болуын қамтамасыз етедi. Осы құқықтарды iске асыру және мүгедек балаларды жасыруға, оларды қалдыруға, күтiп-бағудан жалтаруға және сегрегациялануына жол бермеу үшiн қатысушы мемлекеттер мүгедек балалар мен олардың отбасыларын ең басынан бастап жан-жақты ақпаратпен қамтамасыз етуге, қызметтер мен қолдау көрсетуге мiндеттенедi.

4. Қатысушы мемлекеттер баланың ата-аналарынан соттың қадағалауындағы құзыреттi органдар қолданыстағы заңдар мен рәсiмдерге сәйкес мұндай ажырату баланың жоғары мүддесi үшiн қажет деп анықтаған жағдайларды қоспағанда, олардың еркiнен тыс ажырамауын қамтамасыз етедi. Бала қандай жағдайда болмасын, ата-аналарынан баланың өзiнiң, не болмаса ата-аналарының бiрiнiң немесе екеуiнiң де мүгедектiгi себебi бойынша ажырамайды.

5. Қатысушы мемлекеттер жақын туыстары мүгедек балаға күтiм жасай алмайтын жағдайда, анағұрлым алыс туыстарын тартудың есебiнен, ал ондай мүмкiндiк болмаған жағдайда — баланың жергiлiктi қоғамдастықта өмiр сүруi үшiн отбасылық жағдайлар жасау есебiнен балама күтiм жасауды ұйымдастыруға бар күшiн салуға мiндеттенедi.

24-бап. Бiлiм беру

1. Қатысушы мемлекеттер мүгедектердiң бiлiм алуға құқықтарын таниды. Осы құқықтарды кемсiтусiз және мүмкiндiктерiнiң теңдiгi негiзiнде iске асыру мақсатында қатысушы мемлекеттер барлық деңгейлерде инклюзивтi бiлiм берудi және өмiр бойы оқытуды қамтамасыз етедi, бұл ретте:

a) адами әлеуетiн, сондай-ақ қадiр-қасиетi мен өзiн-өзi құрметтеу сезiмдерiн толық дамытуға және адам құқықтарын, негiзгi бостандықтарын және адами алуан түрлiлiктi құрметтеудi күшейтуге;

b) мүгедектердiң жеке басын, талантын және шығармашылығын, сондай-ақ олардың ақыл-ой мен дене қабiлеттерiн толық көлемде дамытуға;

c) мүгедектерге еркiн қоғам өмiрiне тиiмдi қатысу мүмкiндiгiн беруге ұмтылады.

2. Бұл құқықты iске асыру кезiнде қатысушы мемлекеттер:

a) мүгедектердiң жалпы бiлiм беру жүйесiнен, ал мүгедек балалардың — тегiн және мiндеттi бастауыш бiлiм беру немесе орта бiлiм беру жүйесiнен мүгедектiк себебi бойынша шығып қалмауын;

b) мүгедектердiң өздерiнiң тұратын жерлерiнде инклюзивтi, сапалы әрi тегiн бастауыш бiлiм беруге және орта бiлiм беруге басқалармен теңдей дәрежеде қол жеткiзуiн;

c) жеке қажеттiлiктердi ескеретiн жүйелi бейiмдеумен қамтамасыз етiлуiн;

d) мүгедектердi тиiмдi оқытуды жеңiлдету үшiн оларды жалпы бiлiм беру жүйесiнiң iшiнде қажеттi қолдауға ие болуын;

е) бiлiмдi игеру мен әлеуметтiк дамуға барынша ықпал ететiн жағдайда, соған сай толық қамту мақсатындағы жеке қолдауды ұйымдастыру жөнiндегi тиiмдi шаралардың қабылдануын қамтамасыз етедi.

3. Қатысушы мемлекеттер мүгедектерге олардың бiлiм беру процесiне толық әрi теңдей және жергiлiктi қоғамдастық мүшелерi ретiнде қатысуын жеңiлдету үшiн өмiрлiк және әлеуметтендiрiлген дағдыларды игеру мүмкiндiгiн бередi. Қатысушы мемлекеттер бұл бағытта тиiстi шараларды қабылдайды, оның iшiнде:

a) Брайль әлiпбиiн, балама қарiптердi, қарым-қатынастың күшейтушi және балама әдiстерiн, тәсiлдерi мен форматтарын, сондай-ақ бағдарлық және ұтқырлық дағдыларын игеруге жәрдемдеседi және құрдастары тарапынан қолдау көрсетiлуi мен тәлiмгерлiкке жағдай жасайды;

b) ымдау тiлiн игеру мен саңыраулардың тiлдiк өзiндiк болмысын көтермелеуге жәрдемдеседi;

c) соқыр, саңырау немесе соқыр-саңырау адамдарды, атап айтқанда балаларды оқыту мүгедек үшiн барынша қолайлы тiлдердiң және қарым-қатынас әдiстерi мен тәсiлдерiнiң көмегiмен және бiлiмнiң игерiлуi мен әлеуметтiк дамуға барынша ықпал ететiн жағдайда жүзеге асырылуын қамтамасыз етедi.

4. Осы құқықты қамтамасыз етуге жәрдемдесу үшiн қатысушы мемлекеттер жұмысқа ымдау тiлiн және/немесе Брайль әлiпбиiн бiлетiн мұғалiмдердi, оның iшiнде мүгедек мұғалiмдердi тарту үшiн және бiлiм беру жүйесiнiң барлық деңгейiнде жұмыс iстейтiн мамандар мен персоналды оқыту үшiн тиiстi шараларды қабылдайды. Мұндай оқыту мүгедектiк мәселесiндегi ағартуды және қарым-қатынастың күшейтушi және балама әдiстерiн, тәсiлдерiн және форматтарын, мүгедектерге қолдау көрсетуге арналған оқу әдiстемелерi мен материалдарды пайдалануды қамтиды.

5. Қатысушы мемлекеттер мүгедектердiң жалпы жоғарғы бiлiм алуына, кәсiптiк бiлiм алуына, ересектерге арналған бiлiм алуына және өмiр бойы оқуына кемсiтусiз әрi басқалармен тең дәрежеде қол жеткiзуiн қамтамасыз етедi. Осы мақсатпен қатысушы мемлекеттер мүгедектердiң жүйелi бейiмдеумен қамтылуын қамтамасыз етедi.

25-бап. Денсаулық

Қатысушы мемлекеттер мүгедектердiң денсаулықтың мүгедектiк белгiсi бойынша кемсiтiлусiз неғұрлым жоғары қолжетiмдi деңгейiне құқығының бар екенiн таниды. Қатысушы мемлекеттер мүгедектердiң денсаулық сақтау саласындағы гендерлiк ерекшелiктердi ескеретiн қызмет көрсетулерге, оның iшiнде денсаулық жағдайы бойынша оңалтуға қол жеткiзуiн қамтамасыз ету үшiн барлық тиiстi шараларды қабылдайды. Атап айтқанда, қатысушы мемлекеттер:

a) мүгедектерге денсаулық сақтау жөнiндегi, оның iшiнде сексуалдық және ұрпақты болу денсаулығы саласында және халыққа ұсынылатын мемлекеттiк денсаулық сақтау бағдарламалары желiсi бойынша тегiн немесе қымбат емес қызмет көрсетулер мен бағдарламалардың басқа да адамдарға арналатындай жиынтығын, сапасы мен деңгейiн қамтамасыз етедi;

b) денсаулық сақтау саласында мүгедектерге олардың мүгедектiк себебi бойынша тiкелей қажет қызметтер көрсетудi, оның iшiнде ерте диагностиканы, ал қолайлы жағдайларда — мүгедектiктi, оның iшiнде балалар мен егде адамдар арасында барынша төмендетуге және әрi қарай пайда болуына жол бермеуге арналған түзетулер мен көрсетiлетiн қызметтердi ұсынады;

c) денсаулық сақтау саласындағы бұл көрсетiлетiн қызметтердi осы адамдардың тiкелей тұратын жерлерiне жақын жерде, оның iшiнде ауылдық аудандарда ұйымдастырады;

d) денсаулық сақтау мамандарының мүгедектерге, оның iшiнде еркiн және хабардар етiлген келiсу негiзiнде басқалардың iшiнде мемлекеттiк және жеке денсаулық сақтауға арналған этикалық стандарттарды оқу және қабылдау есебiнен мүгедектердiң адам құқықтары, қадiр-қасиетi, дербестiгi және мұқтаждықтары туралы хабардар болуын арттыру арқылы басқа адамдарға арналғандай сапада қызмет көрсетудiң ұсынылуын талап етедi;

е) мүгедектерге қатысты медициналық сақтандыруды және өмiрiн сақтандыруды ұсынған кезде, егер соңғысы ұлттық құқықта рұқсат етiлген болса, кемсiтушiлiкке тыйым салады және оның әдiл және жүйелi негiзде берiлуiн қарастырады;

f) денсаулық сақтауда немесе осы саладағы қызмет көрсетуде не болмаса тамақ немесе сұйықтар алуда мүгедектiк себебi бойынша кемсiтетiн бас тартуға жол бермейдi.

26-бап. Абилитация және оңалту

1. Қатысушы мемлекеттер мүгедектерге барынша тәуелсiздiкке, толық дене, ақыл-ой, әлеуметтiк және кәсiптiк қабiлеттерге қол жеткiзуге әрi оны сақтауына және өмiрдiң барлық аспектiлерiне толық қатысуға және тартуға мүмкiндiк беру үшiн, оның iшiнде басқа да мүгедектердiң тарапынан қолдау көрсету арқылы тиiмдi және тиiстi шараларды қабылдайды. Осы мақсатта қатысушы мемлекеттер кешендi, әсiресе денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, бiлiм беру және әлеуметтiк қызмет көрсету саласындағы абилитациялық және оңалту қызметтерi мен бағдарламаларының:

a) мүмкiндiгiнше ерте iске асырыла бастауын және жеке адамның мұқтаждықтары мен басым тұстарын көпбейiндi бағалауға негiзделген болуын;

b) жергiлiктi қоғамдастыққа және қоғам өмiрiнiң барлық аспектiлерiне қатысуға және қамтуға ықпал етуiн, бұлардың ерiктi сипатта болуын және мүгедектерге олардың тiкелей тұратын жерiне мүмкiндiгiнше жақын жерде, оның iшiнде ауылдық аудандарда қолжетiмдi болуын ұйымдастырады, нығайтады және кеңейтедi.

2. Қатысушы мемлекеттер абилитациялық және оңалту қызметтерiн көрсету саласында жұмыс iстейтiн мамандар мен персоналды бастауыш және одан кейiнгi оқыту iсiн дамытуды ынталандырады.

3. Қатысушы мемлекеттер мүгедектерге арналған абилитация мен оңалтуға қатысты ассистивтi құрылғылар мен технологиялардың болуын, оларды бiлудi және пайдалануды ынталандырады.

27-бап. Еңбек және жұмыспен қамту

1. Қатысушы мемлекеттер мүгедектердiң басқалармен теңдей дәрежеде еңбек ету құқығын таниды; ол мүгедектiң еркiн таңдаған немесе оған ерiктi түрде келiсiм берген еңбекпен, еңбек нарығы мен өндiрiс ортасы мүгедектер үшiн ашық, инклюзивтi және қолжетiмдi болып табылатын жағдайларда өзiн-өзi асырау мүмкiндiгiн алу құқығын қамтиды. Қатысушы мемлекеттер еңбек ету, оның iшiнде еңбек ету кезiнде мүгедектiк алған адамдардың еңбек ету құқықтарын, оның iшiнде заңнамалық тәртiппен тиiстi шараларды, атап айтқанда мыналарға:

a) жұмысқа қабылдау, жалдау және жұмыспен қамту, жұмысын сақтау, қызмет бабы бойынша өсу жағдайларын және қауiпсiз әрi салауатты еңбек жағдайларын қоса алғанда, жұмыспен қамтудың барлық нысандарына қатысты барлық мәселелер бойынша мүгедектiк белгiсi бойынша кемсiтуге тыйым салуға;

b) мүгедектердiң бiрдей мүмкiндiктер мен құндылығы бiрдей еңбекке бiрдей сыйақы алуға, қауiпсiз және салауатты еңбек жағдайларын қоса алғанда, бопсалаудан қорғауды және шағымдарын қанағаттандыруды қоса алғанда, әдiл және қолайлы еңбек жағдайларына құқықтарын басқалармен тең дәрежеде қорғауға;

c) мүгедектердiң өздерiнiң еңбек ету және кәсiподақ құқықтарын басқалармен теңдей дәрежеде жүзеге асыра алуын қамтамасыз етуге;

d) мүгедектерге техникалық және кәсiптiк бағдарлардың жалпы бағдарламаларына, жұмысқа орналастыру қызметтерiне және кәсiптiк әрi үздiксiз оқытуға тиiмдi қол жеткiзу мүмкiндiктерiн беруге;

е) еңбек нарығында мүгедектердi жұмысқа орналастыру мен олардың қызмет бабында өсу мүмкiндiктерiн кеңейтуге, сондай-ақ жұмыс iздеуге, алуға, жұмысын сақтауға және жаңғыртуға көмек көрсетуге;

f) жеке еңбек қызметiне, кәсiпкерлiкке, кооперативтердi дамытуға және өзiнiң жеке iсiн ұйымдастыруға мүмкiндiктерiн кеңейтуге;

g) мүгедектердi мемлекеттiк секторға жалдауға;

h) оң iс-қимылдар бағдарламаларын, ынталандыруларды және басқа шараларды қамтуы мүмкiн тиiстi стратегиялар мен шаралардың көмегiмен мүгедектердi жеке секторға жалдауды ынталандыруға;

i) мүгедектердi жұмыс орнын жүйелi бейiмдеумен қамтамасыз етуге;

j) мүгедектердiң ашық еңбек нарығы жағдайларында жұмыс тәжiрибесiн алуын көтермелеуге;

k) мүгедектерге арналған кәсiптiк және бiлiктiлiк оңалту, жұмыс орындарын сақтау және жұмысқа қайта оралу бағдарламаларын көтермелеуге бағытталған шараларды қабылдау жолымен iске асыруды қамтамасыз етедi және көтермелейдi.

2. Қатысушы мемлекеттер мүгедектердiң құлдықта немесе ерiксiз жағдайда ұсталмауын және мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбек етуден басқалармен тең дәрежеде қорғалуын қамтамасыз етедi.

28-бап. Жеткiлiктi өмiр сүру деңгейi және әлеуметтiк қорғау

1. Қатысушы мемлекеттер мүгедектердiң өздерi үшiн және олардың отбасылары үшiн жеткiлiктi тамақ, киiм және тұрғын үйдi қамтитын жеткiлiктi өмiр сүру деңгейiне және өмiр сүру жағдайын үздiксiз жақсартуға құқығын мойындайды және осы құқықтың мүгедектiк белгiсi бойынша кемсiтушiлiксiз iске асырылуын қамтамасыз етуге және көтермелеуге арналған тиiстi шараларды қабылдайды.

2. Қатысушы мемлекеттер мүгедектердiң әлеуметтiк қорғалуға құқығын және осы құқығын мүгедектiк белгiсi бойынша кемсiтушiлiксiз пайдалану құқығын мойындайды және:

а) мүгедектердiң таза су алуға тең қол жеткiзуiн қамтамасыз ету жөнiндегi және мүгедектiкпен байланысты мұқтаждықтарды қанағаттандыруға арналған тиiстi әрi қымбат емес көрсетiлетiн қызметтерге, құрылғылар мен басқа да көмектерге қол жеткiзуiн қамтамасыз ету жөнiндегi;

b) мүгедектердiң, атап айтқанда, мүгедектiгi бар әйелдердiң, қыздар мен егде адамдардың әлеуметтiк қорғау бағдарламаларына және кедейшiлiк ауқымын қысқарту бағдарламаларына қол жеткiзуiн қамтамасыз ету жөнiндегi;

с) кедейшiлiк жағдайында өмiр сүретiн мүгедектер мен олардың отбасыларының мүгедектiкпен байланысты, тиiстi дәрежедегi оқытуды, консультация берудi, қаржылық көмектi және уақытша патронаждық бағып-күтудi қоса алғандағы шығындарды жабу мақсатымен мемлекет тарапынан көрсетiлетiн көмекке қол жеткiзу жөнiндегi;

d) мүгедектердiң мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламаларына қол жеткiзуiн қамтамасыз ету жөнiндегi;

е) мүгедектердiң зейнетақылық жәрдемақы мен бағдарламаларға қол жеткiзуiн қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды қоса алғанда, осы құқықты iске асыруды қамтамасыз етуге және көтермелеуге арналған тиiстi шараларды қабылдайды.

29-бап. Саяси және қоғамдық өмiрге қатысу

Қатысушы мемлекеттер мүгедектердiң саяси құқықтарына және оларды басқалармен тең дәрежеде пайдалану мүмкiндiгiне кепiлдiк бередi және:

а) мүгедектердiң саяси және қоғамдық өмiрге тiкелей немесе еркiн таңдаған өкiлдер арқылы басқалармен тең дәрежеде тиiмдi және жан-жақты қатыса алуын, оның iшiнде дауыс беруге және сайлануға құқығы мен мүмкiндiгi болуын, атап айтқанда:

I) дауыс беруге арналған рәсiмдердiң, үй-жайлар мен материалдардың түсiнуге және пайдалануға қолайлы, қолжетiмдi және жеңiл болуын қамтамасыз ету;

II) мүгедектердiң сайлауда және көпшiлiк референдумдарда қорықпай жасырын дауыс беруге қатысуға және сайлау үшiн өз кандидатураларын ұсынуға, лауазымдарды iс жүзiнде иеленуге және қолайлы жерде ассистивтiк және жаңа технологияларды пайдалануға жәрдемдесе отырып, мемлекеттiк билiктiң барлық деңгейлерiндегi барлық көпшiлiк функцияларды орындауға құқығын қорғау;

III) мүгедектердiң сайлаушы ретiндегi ерiк-жiгерiн еркiн танытуына және осы мақсатта — қажет болған жағдайда олардың өздерiнiң қалауы бойынша қандай да бiр адамға дауыс беруге көмектесу туралы өтiнiштерiн қанағаттандыруға кепiлдiк беру арқылы қамтамасыз етуге;

b) мүгедектердiң мемлекеттiк iстердi басқаруға кемсiтушiлiксiз және басқалармен тең дәрежеде, тиiмдi және жан-жақты қатыса алатындай жағдай жасауға белсендi жәрдемдесуге және олардың:

I) жұмысы елдiң мемлекеттiк және саяси өмiрiмен байланысты үкiметтiк емес ұйымдар мен бiрлестiктерге, оның iшiнде саяси партиялардың қызметi мен оларды басқаруға қатысуын;

II) мүгедектердiң атынан халықаралық, ұлттық, өңiрлiк және жергiлiктi деңгейлерде өкiлдiк ету үшiн мүгедектер ұйымын құруды және оларға кiрудi қоса алғанда, мемлекет iстерiне араласуын көтермелеп отыруға мiндеттенедi.

30-бап. Мәдени өмiрге, бос уақыты мен демалысын өткiзуге және

спортпен шұғылдануға қатысу

1. Қатысушы мемлекеттер мүгедектердiң басқалармен теңдей дәрежеде мәдени өмiрге қатысу құқығын таниды және мүгедектердiң:

а) мәдениет туындыларына қолжетiмдi форматтарда қол жеткiзе алуын;

b) қолжетiмдi форматтағы теледидар бағдарламаларына, фильмдерге, театрға және басқа да мәдени iс-шараларға қол жеткiзе алуын;

c) театрлар, мұражайлар, кинотеатрлар, кiтапханалар және туристiк қызмет көрсетулер сияқты мәдени iс-шараларға немесе қызмет көрсету орындарына қол жеткiзе алуын, сондай-ақ ұлттық мәдени маңызы бар ескерткiштер мен объектiлерге барынша мүмкiн дәрежеде қол жеткiзе алуын қамтамасыз ету үшiн барлық тиiстi шараларды қабылдайды.

2. Қатысушы мемлекеттер мүгедектерге тек өз игiлiгi үшiн ғана емес, барша қоғамның баюы үшiн де өз шығармашылығын, көркемдiк және зияткерлiк әлеуетiн дамытуына және пайдалануына мүмкiндiк берiлуi үшiн тиiстi шараларды қабылдайды.

3. Қатысушы мемлекеттер халықаралық құқыққа сәйкес зияткерлiк меншiк құқықтарын қорғау туралы заңдардың мүгедектердiң мәдениет туындыларына қол жеткiзуiне жөнсiз немесе кемсiтушi тосқауыл болмауын қамтамасыз ету үшiн барлық тиiстi қадамдарды қабылдайды.

4. Мүгедектердiң басқалармен теңдей дәрежеде ымдау тiлдерi мен саңыраулар мәдениетiн қоса алғанда, өздерiнiң ерекше мәдени және тiлдiк өзiндiк болмысының танылуына және қолдауға ие болуына құқығы бар.

5. Мүгедектерге басқалармен теңдей дәрежеде бос уақыты мен демалысын өткiзуге және спорттық iс-шараларға қатысу мүмкiндiгiн беру үшiн қатысушы мемлекеттер:

a) мүгедектердiң барлық деңгейлердегi жалпы бейiндi спорттық iс-шараларға барынша толық қатысуын көтермелеу және насихаттау үшiн;

b) мүгедектердiң арнайы мүгедектерге арналған спорттық және бос уақытын өткiзу iс-шараларын ұйымдастыруға мүмкiндiгi болуын қамтамасыз ету, оларды дамыту және оларға қатысуы үшiн және осыған байланысты басқалармен теңдей дәрежеде тиiстi оқыту, дайындық және ресурстар ұсынылуына жәрдемдесу үшiн;

c) мүгедектердiң спорттық, рекреациялық және туристiк объектiлерге қол жеткiзуiн қамтамасыз ету үшiн;

d) мүгедек балалардың басқа балалармен теңдей дәрежеде мектеп жүйесi шеңберiндегi iс-шараларды қоса алғанда, ойындарға, бос уақыты мен демалысын өткiзуге және спорттық iс-шараларға қатысуға қол жеткiзуiн қамтамасыз ету үшiн;

е) мүгедектердiң бос уақытын, туризмдi, демалысын және спорттық iс-шараларды ұйымдастырумен айналысатын адамдардың көрсетiлетiн қызметтерге қол жеткiзе алуын қамтамасыз ету үшiн тиiстi шараларды қабылдайды.

31-бап. Статистика және мәлiметтер жинау

1. Қатысушы мемлекеттер осы Конвенцияны орындау мақсатында стратегиялар әзiрлеп, iске асыруға мүмкiндiк беретiн статистикалық және зерттеу деректерiн қоса алғанда, тиiстi ақпаратты жинауға мiндеттенедi. Бұл ақпаратты жинау және сақтау процесiнде:

a) мүгедектердiң жеке өмiрiнiң құпиялылығы мен қолсұғылмаушылығын қамтамасыз ету үшiн деректердi қорғау туралы заңнаманы қоса алғанда, заңды тұрғыда белгiленген кепiлдiктер сақталуға;

b) статистикалық деректердi жинау мен пайдалану кезiнде адам құқықтары мен негiзгi бостандықтарын қорғауға қатысты халықаралық танылған нормалар, сондай-ақ этикалық қағидаттар сақталуға тиiс.

2. Осы бапқа сәйкес жиналған ақпарат тиiстi жолмен дезагрегацияланады және қатысушы мемлекеттердiң осы Конвенция бойынша өз мiндеттемелерiн қалай орындап жатқанын бағалауға жәрдемдесу үшiн, сондай-ақ мүгедектердiң өздерiнiң құқықтарын жүзеге асыруы кезiнде кездесетiн кедергiлердi анықтау мен жою үшiн пайдаланылады.

3. Қатысушы мемлекеттер осы статистикалық мәлiметтердi таратқаны үшiн өздерiне жауапкершiлiк алады және олардың мүгедектер мен басқа адамдар үшiн қолжетiмдi болуын қамтамасыз етедi.

32-бап. Халықаралық ынтымақтастық

1. Қатысушы мемлекеттер осы Конвенцияның мақсаттары мен мiндеттерiн iске асыру жөнiндегi ұлттық күш-жiгердi қолдай отырып, халықаралық ынтымақтастық пен оны көтермелеудiң маңыздылығын таниды және мемлекетаралық желi бойынша, ал орынды жерiнде — тиiстi халықаралық және өңiрлiк ұйымдармен және азаматтық қоғаммен, атап айтқанда, мүгедектер ұйымдарымен әрiптестiкте осыған байланысты тиiстi және тиiмдi шараларды қабылдайды. Мұндай шаралар, атап айтқанда:

a) халықаралық ынтымақтастықтың, оның iшiнде халықаралық даму бағдарламаларының мүгедектердi қамтуын және олар үшiн қолжетiмдi болуын қамтамасыз етудi;

b) қолда бар мүмкiндiктердi нығайтуды, оның iшiнде өзара ақпарат, тәжiрибе, бағдарламалар мен озық әзiрлемелер алмасу жолымен жеңiлдетудi және қолдауды;

c) зерттеу саласындағы ынтымақтастыққа және ғылыми-техникалық бiлiмге қол жеткiзуге жәрдемдесудi;

d) орынды жерiнде, оның iшiнде қолжетiмдi және ассистивтi технологияларға қол жеткiзудi жеңiлдету арқылы және оларды өзара алмасу жолымен, сондай-ақ технологиялар беру арқылы техникалық-экономикалық көмек берудi қамтуы мүмкiн.

2. Осы баптың ережелерi әрбiр қатысушы мемлекеттiң осы Конвенцияға сәйкес өз мiндеттемелерiн орындау жөнiндегi мiндеттерiн қозғамайды.

33-бап. Ұлттық жүзеге асыру және мониторинг

1. Қатысушы мемлекеттер өздерiнiң ұйымдық құрылымына сәйкес үкiметте осы Конвенцияны жүзеге асырумен байланысты мәселелерге жетекшiлiк ететiн бiр немесе бiрнеше инстанцияларды тағайындайды және әртүрлi секторлар мен әртүрлi деңгейлердегi тиiстi жұмысқа жәрдемдесу үшiн тиiстi жолмен үкiметте үйлестiру тетiгiн құру немесе тағайындау мүмкiндiгiн зерделейдi.

2. Қатысушы мемлекеттер өздерiнiң құқықтық және әкiмшiлiк құрылымына сәйкес өзiнде орынды жерiнде осы Конвенцияның жүзеге асырылуын көтермелеуге, қорғауға және оған мониторинг жүргiзуге арналған бiр немесе бiрнеше тәуелсiз тетiктердi қамтитын құрылымды қолдайды, нығайтады, тағайындайды немесе құрады. Мұндай тетiктi тағайындаған немесе құрған кезде қатысушы мемлекеттер адам құқықтарын қорғаумен және көтермелеумен айналысатын ұлттық мекемелердiң мәртебесi мен қызмет етуiне қатысты қағидаттарды назарға алады.

3. Азаматтық қоғам, атап айтқанда, мүгедектер мен олардың атынан өкiлдiк ететiн ұйымдар қадағалау процесiне толық көлемiнде тартылады және оған қатысады.

34-бап. Мүгедектер құқықтары жөнiндегi комитет

1. Мүгедектер құқықтары жөнiндегi комитет (бұдан әрi «Комитет» деп аталатын) құрылады, ол төменде көзделген функцияларды орындайды.

2. Осы Конвенцияның күшiне енуi кезiнде Комитет он екi сарапшыдан тұрады. Конвенцияның тағы да алпыс рет ратификациялануынан немесе оған қосылуынан кейiн Комитеттiң мүшелiк құрамы алты адамға артып, ең көп саны — он сегiз мүшеге жетедi.

3. Комитет мүшелерi жеке адам ретiнде әрекет етедi және жоғары моральдық қасиетке және осы Конвенция қамтитын салада танылған құзыретi мен бiлiктi тәжiрибесi бар тұлға болады. Өз кандидаттарын ұсыну кезiнде қатысушы мемлекеттерге осы Конвенцияның 4-бабының 3-тармағында тұжырымдалған ереженi тиiстi дәрежеде ескеру қажеттiгi ұсынылады.

4. Комитет мүшелерiн қатысушы мемлекеттер сайлайды, бұл ретте әдiл географиялық бөлiнiске, әртүрлi өркениет нысандарының өкiлдiлiгiне және негiзгi құқықтық жүйелерiне, ерлер мен әйелдердiң теңдестiрiлген өкiлдiлiгiне және сарапшы мүгедектердiң қатысуына көңiл бөлiнедi.

5. Комитет мүшелерi қатысушы мемлекеттер конференциясының отырыстарында қатысушы мемлекеттердiң өз азаматтары iшiнен ұсынған кандидаттары тiзiмiнен жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Қатысушы мемлекеттердiң үштен екiсi кворум құрайтын бұл отырыстарда дауыс беруге келген және қатысқан қатысушы мемлекеттер өкiлдерiнiң барынша көп дауысын және абсолюттiк көпшiлiгiн алған кандидаттар Комитет құрамына сайланған болып табылады.

6. Алғашқы сайлау осы Конвенция күшiне енген күннен бастап алты айдан кешiктiрiлмей өткiзiледi. Әрбiр сайлау өтетiн күнге дейiн кем дегенде төрт ай бұрын Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы қатысушы мемлекеттерге хат жолдап, оларға екi айдың iшiнде кандидатура берудi ұсынады. Сосын Бас хатшы осылайша ұсынылған барлық кандидаттардың оларды ұсынған қатысушы мемлекеттерiн көрсете отырып, әлiпбилiк ретпен тiзiмiн жасайды және оны осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттерге жiбередi.

7. Комитет мүшелерi төрт жылдық мерзiмге сайланады. Олар тек бiр-ақ рет қайта сайлануға құқылы. Алайда, бiрiншi сайлауда сайланатын алты мүшенiң өкiлеттiк мерзiмi екi жылдық мерзiмнiң соңында аяқталады; бұл алты мүшенiң аттары бiрiншi сайлаудан кейiн бiрден отырысқа төрағалық етушiнiң жеребесi бойынша айқындалады, ол туралы осы баптың 5-тармағындаайтылған.

8. Комитеттiң қосымша алты мүшесiн сайлау осы баптың тиiстi ережелерiмен реттелетiн әдеттегi сайлауға орайластырылады.

9. Егер де Комитеттiң қандай да бiр мүшесi қайтыс болса немесе отставкаға кетсе не болмаса өзiнiң мiндеттерiн қандай да бiр өзге себеппен әрi қарай орындай алмайтынын хабарласа, онда бұл мүшенiң кандидатурасын ұсынған қатысушы мемлекет өкiлеттiлiктiң қалған мерзiмiне бiлiктiлiкке ие және осы баптың тиiстi ережелерiнде көзделген талаптарға сай келетiн басқа сарапшыны тағайындайды.

10. Комитет өзiнiң жеке рәсiмдерi қағидаларын белгiлейдi.

11. Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Комитеттiң осы Конвенцияға сәйкес өз функцияларын тиiмдi түрде жүзеге асыруы үшiн қажеттi персонал мен материалдық қаражатты бередi және оның алғашқы кеңесiн шақырады.

12. Осы Конвенцияға сәйкес құрылған Комитеттiң мүшелерi Бiрiккен Ұлттар Ұйымының қаражатынан Комитет мiндеттерiнiң маңыздылығын ескере отырып, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы белгiлейтiн тәртiппен және шарттармен Ассамблея бекiтетiн сыйақы алады.

13. Комитет мүшелерi Бiрiккен Ұлттар Ұйымы iстерi бойынша iссапарларда Конвенцияның Бiрiккен Ұлттардың артықшылықтары мен иммунитеттерi туралы тиiстi бөлiмдерiнде бекiтiлген сарапшылардың жеңiлдiктерiне, артықшылықтарына және иммунитеттерiне құқығы болады.

35-бап. Қатысушы мемлекеттердiң баяндамалары

1. Әрбiр қатысушы мемлекет Комитетке Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы арқылы олардың осы Конвенция бойынша өз мiндеттемелерiн жүзеге асыру үшiн қабылданған шаралар туралы және тиiстi қатысушы мемлекет үшiн осы Конвенция күшiне енгеннен кейiн екi жылдың iшiнде осы тұрғыда қол жеткiзiлген прогресс туралы жан-жақты баяндама ұсынады.

2. Кейiн қатысушы мемлекеттер келесi баяндамаларды төрт жылда бiр реттен сиретпей, сондай-ақ Комитет бұл туралы сұраған кезде ұсынып отырады.

3. Комитет баяндамалардың мазмұнын айқындайтын басшылыққа алынатын қағидаттарды белгiлейдi.

4. Комитетке алғашқы жан-жақты баяндаманы ұсынған қатысушы мемлекеттiң өзiнiң кейiнгi баяндамаларында бұрын берген ақпаратты қайталауының қажеттiгi жоқ. Қатысушы мемлекеттерге Комитетке баяндамаларды дайындауды ашық және транспаренттi процесс етудi ойластыру және осы Конвенцияның 4-бабының 3-тармағында тұжырымдалған ереженi тиiстi дәрежеде ескеру ұсынылады.

5. Баяндамаларда осы Конвенция бойынша мiндеттемелердiң орындалу дәрежесiне ықпал ететiн факторлар мен қиындықтар көрсетiлуi мүмкiн.

36-бап. Баяндамаларды қарау

1. Комитет әр баяндаманы қарайды, ол бойынша орынды деген ұсыныстар мен жалпы ұсынымдар жасайды, оларды тиiстi қатысушы мемлекетке жiбередi. Қатысушы мемлекет жауап ретiнде Комитетке өз қалауы бойынша кез келген ақпаратты жiбере алады. Комитет қатысушы мемлекеттерден осы Конвенцияны жүзеге асыруға қатысы бар қосымша ақпаратты сұратып ала алады.

2. Қатысушы мемлекет баяндама ұсынуды айтарлықтай кешiктiрген кезде Комитет тиiстi қатысушы мемлекеттi, егер де осы хабардар етуден кейiнгi үш айдың iшiнде тиiстi баяндама ұсынылмаса, осы Конвенцияның бұл қатысушы мемлекетте жүзеге асырылуы туралы мәселенi Комитеттегi қолда бар анық ақпараттың негiзiнде қарау талап етiлетiндiгi туралы хабардар ете алады. Комитет тиiстi қатысушы мемлекетке мұндай қарауға қатысуды ұсынады. Егер қатысушы мемлекет жауап ретiнде тиiстi баяндама ұсынса, онда осы баптың 1-тармағының ережелерi қолданылады.

3. Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы баяндамаларды барлық қатысушы мемлекеттердiң иелiгiне бередi.

4. Қатысушы мемлекеттер өз елiнде жұртшылық үшiн өз баяндамаларына кеңiнен қолжетiлдiлiктi қамтамасыз етедi, осы баяндамаларға қатысты ұсыныстармен және жалпы ұсынымдармен танысуды жеңiлдетедi.

5. Комитет мұны орынды деп есептесе, ол қатысушы мемлекеттердiң баяндамаларын Бiрiккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемелерiне, қорларына және бағдарламаларына, сондай-ақ басқа да құзыреттi органдарға олардың онда айтылатын техникалық консультация немесе көмек туралы өтiнiшке не болмаса соңғысындағы қажеттiлiкке нұсқауға назар аударуы үшiн Комитеттiң осы өтiнiштер немесе нұсқаулар бойынша ескертулерiмен және ұсынымдарымен бiрге (егер олар бар болса) жiбередi.

37-бап. Қатысушы мемлекеттер мен Комитеттiң арасындағы

ынтымақтастық

1. Әрбiр қатысушы мемлекет Комитетпен ынтымақтастықта болады және оның мүшелерiне олардың өз мандатын орындауына жәрдемдеседi.

2. Комитет өзiнiң қатысушы мемлекеттермен қарым-қатынастарында осы Конвенцияны жүзеге асыру, оның iшiнде халықаралық ынтымақтастықтың көмегiмен жүзеге асыру жөнiндегi ұлттық мүмкiндiктердi ұлғайту жолдары мен құралдарын тиiстi дәрежеде ескередi.

38-бап. Комитеттiң басқа органдармен қарым-қатынасы

Осы Конвенцияны тиiмдi жүзеге асыруға жәрдемдесу және ол қамтитын салаларда халықаралық ынтымақтастықты көтермелеу үшiн:

а) Бiрiккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемелерi мен басқа да органдары олардың мандаттарына кiретiн, осы Конвенцияның мұндай ережелерiн жүзеге асыру туралы мәселенi қарау кезiнде өкiлдiк алуға құқылы болады. Комитет мұны орынды деп есептесе, ол мамандандырылған мекемелерге және басқа да құзыреттi органдарға Конвенцияны олардың тиiстi мандаттарына кiретiн салаларда жүзеге асыруға қатысты сараптамалық қорытынды берудi ұсына алады. Комитет Бiрiккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемелерi мен басқа да органдарына Конвенцияның олардың қызмет ету саласына жататын салаларда жүзеге асырылуы туралы баяндама беруiн ұсына алады;

b) Комитет өз мандатын орындау кезiнде адам құқықтары жөнiндегi халықаралық шарттарға орай құрылған басқа да тиiстi органдардан олардың баяндамалар берудiң басшылыққа алынатын тиiстi қағидаттарында, сондай-ақ олар шығаратын ұсыныстар мен жалпы ұсынымдарда келiсiмдi қамтамасыз ету және олар өз функцияларын жүзеге асырған кезде қайталану мен қосарлануды болдырмау жөнiнде ретi келген жағдайда консультация алады.

39-бап. Комитеттiң баяндамасы

Комитет екi жылда бiр рет Бас Ассамблея мен Экономикалық және Әлеуметтiк Кеңеске өз қызметi туралы баяндама ұсынады және қатысушы мемлекеттерден алған баяндамалар мен ақпаратты қарауға негiзделген ұсыныстар мен жалпы ұсынымдар шығара алады. Мұндай ұсыныстар мен жалпы ұсынымдар қатысушы мемлекеттердiң түсiнiктемелерiмен бiрге (егер олар бар болса) Комитеттiң баяндамасына енгiзiледi.

40-бап. Қатысушы мемлекеттер конференциясы

1. Қатысушы мемлекеттер осы Конвенцияны жүзеге асыруға қатысты кез келген мәселенi қарау үшiн Қатысушы мемлекеттердiң конференциясына жүйелi түрде жиналып тұрады.

2. Осы Конвенция күшiне енгеннен кейiн алты айдан кешiктiрмей Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Қатысушы мемлекеттердiң конференциясын шақырады. Келесi кеңестердi Бас хатшы екi жылда бiр рет шақырады немесе Қатысушы мемлекеттер конференциясының шешiмi бойынша шақырылады.

41-бап. Депозитарий

Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы осы Конвенцияның депозитарийi болып табылады.

42-бап. Қол қою

Осы Конвенция барлық мемлекеттер мен өңiрлiк интеграция ұйымдарының қол қоюы үшiн Нью-Йоркте Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Орталық мекемелерiнде 2007 жылғы 30 наурыздан бастап ашық.

43-бап. Мiндеттiлiкке келiсу

Осы Конвенция оған қол қойған мемлекеттердiң ратификациялауына және оған қол қойған өңiрлiк интеграция ұйымдарының ресми растауына жатады. Ол осы Конвенцияға қол қоймаған кез келген мемлекеттiң немесе өңiрлiк интеграция ұйымының қосылуы үшiн ашық.

44-бап. Өңiрлiк интеграция ұйымдары

1. «Өңiрлiк интеграция ұйымы» белгiлi бiр өңiрдiң егемен мемлекеттер құрған, оған мүше мемлекеттер осы Конвенциямен реттелетiн мәселелерге қатысты құзырет берген ұйымды бiлдiредi. Мұндай ұйымдар ресми растау немесе қосылу туралы өз құжаттарында осы Конвенциямен реттелетiн мәселелерге қатысты өз құзыретiнiң көлемiн көрсетедi. Соңынан олар депозитарийдi өз құзыретiнiң көлемiндегi кез келген елеулi өзгерiстер туралы хабардар етедi.

2. Осы Конвенциядағы «қатысушы мемлекеттерге» сiлтемелер мұндай ұйымдарға олардың құзыретi шегiнде қатысты болады.

3. Осы Конвенцияның 45-бабының 1-тармағы мен 47-бабының 2 және 3-тармақтарының мақсаттары үшiн өңiрлiк интеграция ұйымы сақтауға берген бiрде-бiр құжат есептелмейдi.

4. Өңiрлiк интеграция ұйымдары өз құзыретiне жататын мәселелерде Қатысушы мемлекеттер конференциясындағы осы Конвенцияға қатысушылар болып табылатын олардың мүше мемлекеттерiнiң санына тең дауыс санымен өздерiнiң дауыс беру құқығын жүзеге асыра алады. Егер де мүше мемлекеттердiң қайсы бiрi өзiнiң құқығын жүзеге асырса, онда мұндай ұйым өзiнiң дауыс беру құқығын жүзеге асырмайды және бұл керiсiнше де болады.

45-бап. Күшiне енуi

1. Осы Конвенция жиырмасыншы ратификациялық грамота немесе қосылу туралы құжат сақтауға берiлгеннен кейiн отызыншы күнi күшiне енедi.

2. Мұндай жиырмасыншы құжатты сақтауға бергеннен кейiн осы Конвенцияны ратификациялаушы, оны ресми растаушы немесе оған қосылушы әрбiр мемлекет немесе өңiрлiк интеграция ұйымы үшiн Конвенция олардың өздерiнiң осындай құжатын сақтауға бергеннен кейiнгi отызыншы күнi күшiне енедi.

46-бап. Ескертпелер

1. Осы Конвенцияның объектiсi мен мақсатына сай келмейтiн ескертпелерге жол берiлмейдi.

2. Ескертпелер кез келген уақытта алып тасталуы мүмкiн.

47-бап. Түзетулер

1. Кез келген қатысушы мемлекет осы Конвенцияға түзету ұсынып, оны Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына бере алады. Бас хатшы ұсынылған кез келген түзетулердi қатысушы мемлекеттерге олардың осы ұсыныстарды қарау және олар бойынша шешiмдер қабылдау үшiн қатысушы мемлекеттердiң конференциясын өткiзудi қалайтын-қаламайтындығы туралы хабардар етуiн сұрай отырып хабарлайды. Мұндай хабарлау болған күннен бастап төрт айдың iшiнде қатысушы мемлекеттердiң кемiнде үштен бiрi мұндай конференцияны өткiзудi жақтаған жағдайда, Бас хатшы Бiрiккен Ұлттар Ұйымының аясында конференция шақырады. Дауыс беруге келгендер мен қатысқан қатысушы мемлекеттердiң үштен екiсiн қамтитын көпшiлiгiмен мақұлданған кез келген түзетудi Бас хатшы бекiту үшiн Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясына, сосын қабылдау үшiн барлық қатысушы мемлекеттерге жiбередi.

2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес мақұлданған және бекiтiлген түзету сақтауға берiлген қабылдау туралы құжаттар саны осы түзетудi мақұлдау күнiндегi қатысушы мемлекеттер санының үштен екiсiне жеткен кезден кейiнгi отызыншы күнi күшiне енедi. Соңынан түзету кез келген қатысушы мемлекет үшiн оның қабылдау туралы құжатын сақтауға тапсырғаннан кейiнгi отызыншы күнi күшiне енедi. Түзетулер оларды қабылдаған қатысушы мемлекеттер үшiн ғана мiндеттi болып табылады.

3. Егер де Қатысушы мемлекеттер конференциясы консенсуспен тиiстi шешiмдi қабылдаса, осы баптың 1-тармағына сәйкес мақұлданған және бекiтiлген, тек 34, 38, 39 және 40-баптарға жататын түзету барлық қатысушы мемлекеттер үшiн сақтауға берiлген қабылдау туралы құжаттар саны осы түзетудi мақұлдау күнiндегi қатысушы мемлекеттер санының үштен екiсiне жеткеннен кейiнгi отызыншы күнi күшiне енедi.

48-бап. Күшiн жою

Қатысушы мемлекет Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысын жазбаша хабардар ету арқылы осы Конвенцияның күшiн жоя алады. Күшiн жою Бас хатшының мұндай хабарламаны алған күнiнен кейiн бiр жылдан соң күшiне енедi.

49-бап. Қолжетiмдi формат

Осы Конвенция мәтiнiнiң қолжетiмдi форматтарда болуы қамтамасыз етiлуге тиiс.

50-бап. Теңтүпнұсқалы мәтiндер

Осы Конвенцияның мәтiндерi ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тiлдерiнде теңтүпнұсқалы болып табылады.

ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШIН төменде қол қойған өкiлеттi өкiлдер тиiстi үкiметтерi берген уәкiлеттiктерiмен тиiстi дәрежеде осы Конвенцияға қол қойды.

2006 жылғы 13 желтоқсанда Нью-Йоркте Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының алпыс бiрiншi сессиясында қабылданған «Мүгедектердiң құқықтары туралы конвенцияның» қазақ тiлiндегi аудармасы ағылшын тiлiндегi мәтiнiмен сәйкес келетiнiн куәландырамын.

Дата создания статьи: 26.12.2017 11:01
Парақтағы соңғы өзгерістер: 26.12.2017 11:01
Қаралым саны: 351

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

@2018 Ақмола облысының жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы

Пошталық мекенжайы: Көкшетау қаласы, Пушкин көшесі, 23

Телефон: 8 (7162) 76-36-90

Электрондық пошта адресі: akmout@mail.online.kz