Ақмола облысының жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы
Борыш жүктемесін азайту бойынша жиі қойылатын сұрақтар
Борыш жүктемесін азайту бойынша жиі қойылатын сұрақтар

1. Борыш жүктемесiн азайтуға кiм құқылы?

Төменде көрсетiлген санаттағы борышкер азаматтардың кепiлсiз тұтынушылық қарыздар бойынша борыштық жүктемесiн азайтуға құқығы бар (2019 жылғы 26 — маусымдағы жағдай бойынша):

-көпбалалы отбасылар;

-асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлемдер алатын отбасылар;

- мүгедек балалары бар және 18 жастан асқан бала кезiнен мүгедек балалары бар отбасылар;

-атаулы әлеуметтiк көмек алатын отбасылар;

-жетiм балалар;

-ата-анасынан кәмелеттiк жасқа толғанға дейiн айырылған, 29 жасқа толмаған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар

Бұл ретте тұтынушылық қарыз шарттары бойынша жалпы берешек сомасы 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 миллион теңгеден аспауға тиiс.

2. Тұтынушылық кредиттердi өтеу механизмi қандай?

Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi аталған санаттарға сәйкес келетiн азаматтардың тiзiмiн қалыптастырады. Бұл тiзiм «Мемлекеттiк кредиттiк бюро» АҚ-ға ұсынылады, ол Екiншi деңгейдегi банктермен (ЕДБ) және микроқаржы ұйымдарымен (МҚҰ) өзара iс-қимыл жасай отырып, борышкерлер тiзiмiн қалыптастырды, берешек соманы есептеп, ақпаратты Проблемалық несиелер қорына бередi.

Қор әрбiр ЕДБ-мен және МҚҰ-мен 2019 жылғы 9 тамызға дейiн берешектi өтеу туралы келiсiм жасайды.

Сондай-ақ, аталған тiзiм негiзiнде Проблемалық кредиттер қоры өтiнiм қалыптастырып Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiне қаржыландыру үшiн ұсынады. Министрлiк үш жұмыс күнi iшiнде қаражатты Қорға аударады.

2019 жылғы 2 қыркүйекке дейiн Қор банктер мен микроқаржы ұйымдарының шоттарына ақша аударып, азаматтардың қарыздарын 2019 жылғы 5 қыркүйекке дейiн өтейдi де, борышкерлердi берешектiң өтелгенi және берешек қалдығының мөлшерi туралы хабардар етедi.

ЕДБ және МҚҰ 2019 жылғы 9 қыркүйекке дейiн қарыздар бойынша төлемдер графигiн қайта қарауды жүзеге асырады және Қорға әрбiр борышкер бойынша берешектiң өтелгенi және оның қарызы туралы ақпарат ұсынады.

Қор 2019 жылғы 13 қыркүйекке дейiн ҚР Ұлттық Банкi мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiне берешектi өтеудiң жүзеге асырылғандығы туралы ақпаратпен қоса адамдардың тiзiмiн ұсынады.

3. Борыш жүктемесi азайтылған адамдардың санатына жататынымды қалай бiлуге болады?

Борышкерлер тiзiмiн қалыптастыру өтiнiш берушiнiң қатысуынсыз мемлекеттiк органдардың ақпараттық жүйелерi арқылы жүзеге асырылатын болады.

2019 жылғы 18 қыркүйектен бастап, барлық рәсiмдер аяқталғаннан кейiн берешектi өтеу жөнiндегi ақпаратты «Азаматтарға арналған үкiмет» мемлекеттiк корпорациясына хабарласу немесе «электрондық үкiмет» www.egov.kz веб-порталы арқылы алуға болады.

Әлеуметтiк статусты «электрондық үкiмет» веб-порталындағы тиiстi қызметтi пайдалана отырып бiлуге болады. Қызмет 2019 жылғы 22 шiлдеден бастап қолжетiмдi.

4. Егер отбасының бiр мүшесiнде бiрнеше қарыз болса, тұтынушылық кредиттi өтеу шарттары қандай?

Бiрiншiден, тұтынушылық қарыздардың барлық шарттары бойынша жалпы берешек сомасы 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 миллион теңгеден аспауға тиiс.

Екiншiден, бiр қарыз алушыға қарыздың жалпы сомасының 300 мың теңгеге дейiнгi берешегi өтеледi.

Мысалы, АӘК алатын отбасында отбасы мүшесiнiң бiреуiне ресiмделген жалпы сомасы 2,5 миллион теңге мөлшерiнде екi тұтынушылық кредитi бар. Бұл жағдайда екi кредит бойынша жалпы сомасы 300 мың теңгеге дейiнгi берешек өтелетiн болады.

5. Егер отбасының бiрнеше мүшесiнде тұтынушылық кредиттер болған жағдайда қарыз қалай өтелетiн болады?

Егер отбасының бiрнеше мүшесiнде кредит болса, яғни қарыз шарттары әрқайсысына бөлек жасалса, онда берешектi өтеу әрбiр қарыз шарты бойынша жүзеге асырылады.

Мысалы, егер отбасының екi мүшесiне екi кредит ресiмделген болса, онда әрбiр қарыз шарты бойынша олар 300 мың теңгеге дейiн өтеуге құқылы. Яғни, берешектi өтеудiң жалпы сомасы отбасының екi мүшесiне 600 мың теңгенi құрайды.

6. Тұтынушылық қарыздар бойынша берешектi өтеудiң басымдықтары қандай?

Кредиттiк бюро негiзгi борыш пен сыйақы бойынша берешектi өтеу жүзеге асырылатын борышкерлердi және олардың қарыздары мен (немесе) микрокредиттерiн айқындайды және мынадай басымдықтарды ескере отырып, төлеуге арналған тiзiмдi қалыптастырады:

 — бiрiншi кезекте жылдық тиiмдi сыйақы мөлшерi ең көп қарыздар және (немесе) микрокредиттер бойынша берешек өтеледi;

 — екiншi кезекте 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша негiзгi борыш және сыйақы бойынша ең көп берешегi бар қарыздар және (немесе) микрокредиттер бойынша берешек өтеледi;

 — үшiншi кезекте қарыз және (немесе) микрокредит шартын жасау мерзiмi анағұрлым ерте қарыздар және (немесе) микрокредиттер бойынша берешек өтеледi.

7. Борыш жүктемесiн азайту мерзiмi қандай?

Тұтынушылық қарыздар бойынша берешектi өтеу процесiн 2019 жылдың қыркүйек айында аяқтау жоспарлануда.

8. Айыппұлдар мен өсiмпұлдар кiмге және қалай кешiрiлетiн болады?

ҚР Президентiнiң Жарлығына сәйкес айыппұлдар мен өсiмпұлдарға кешiру кепiлсiз тұтынушылық қарыздары бар Қазақстан Республикасының барлық азаматтарына жүргiзiледi.

ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының қаулысына сәйкес ЕДБ және МҚҰ берешектi кешiрудi есептелген тұрақсыздық айыбы бойынша (өсiмпұлдар мен айыппұлдар) 2019 жылғы 30 шiлдеге дейiнгi мерзiмде жүзеге асырады.

Мақаланың шыққан күні: 13.08.2019
Қаралым саны: 49