Ақмола облысының жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы
Б. Нұрымбетов атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа механизмдері туралы айтты
Б. Нұрымбетов атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа механизмдері туралы айтты

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бiржан Нұрымбетов ҚР Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап мұқтаж азаматтарға атаулы әлеуметтiк көмек (бұдан әрi — АӘК) қалай көрсетiлетiнiн айтты.

Сөз басында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң басшысы АӘК әлеуметтiк жағдайы төмен отбасыларға ғана ақшалай төлемдер түрiнде және жеке iсiн бастауға оқытуға, жұмысқа орналасуға және қолдау көрсету арқылы отбасын өмiрлiк қиын жағдайдан шығаруға көмектесуге бағытталғанын атап өттi.

Министр 2019 жылы ең төменгi күнкөрiс деңгейi (бұдан әрi — ЕТКД)

29 698 теңге көлемiнде белгiленiп, шектi өлшем күнкөрiс деңгейiнiң 50-ден 70%-на дейiн ұлғайтылғанын, жан басына шаққандағы орташа кiрiсi 20 789 теңгеден төмен отбасылардың АӘК алуға құқығы бар екенiн еске салды. АӘК жан басына шаққандағы кiрiс пен кедейлiк шегiнiң арасындағы айырмашылық ретiнде тағайындалады, бiрақ бұл ретте балалар ең төменгi күнкөрiс шегiнiң 70%-ын (20 789 теңге) алатын болады.

«Ағымдағы жылдың тоғыз айында АӘК 417 мың отбасына немесе 2,1 млн адамға тағайындалды. АӘК орташа мөлшерi бiр адамға 2,5 есе, 6848 теңгеден 16 446 теңгеге дейiн өстi. Орташа есеппен отбасына 90 мың теңге шығады, айына ең көп тағайындалған сома — 455 мың теңге. Биыл АӘК-ке 206,2 млрд теңге көзделген, оның 146,4 млрд теңгесi төлендi», — дедi Бiржан Нұрымбетов.

Сондай-ақ, ол АӘК төлеумен қатар ұсынылған жұмыспен қамту шаралары көптеген отбасыларға қиын өмiрлiк жағдайдан шығуға көмектескенiн атап өттi. Алайда, АӘК-тi заңсыз түрде алу үшiн азаматтардың табысы мен бизнесiн жасырғаны туралы жағымсыз фактiлер де аз емес.

«Қазақстанның барлық өңiрлерiнде жауапты және еңбекқор азаматтар АӘК пен «Еңбек» мемлекеттiк бағдарламасы аясында нақты көмек алып, өздерiнiң отбасыларының тұрмыс жағдайын түзеп қана қоймай, жеке кәсiбiн құра алатындығы туралы көптеген мысалдар бар. Мәселен, бiрнеше әйел қысқа мерзiмдi оқу курсынан өтiп, кредит және әлеуметтiк көмек алып, сұлулық салондарын, ал ер азаматтар бiреулерi мал сатып алып, ендi бiреулерi шеберханалар ашты. Алайда кейбiр азаматтар мемлекет тарапынан көрсетiлген көмектi асыра пайдалануда. Өзiнiң нақты табысын жасырған 73 мыңнан астам отбасына АӘК заңсыз тағайындалған. Бiз төлемдердi тоқтатуға немесе қайта есептеуге мәжбүр болдық. Бизнеспен айналысу фактiлерiн жасыру жағдайлары да аз емес. Мысалы, Алматы облысында көпбалалы отбасы ағымдағы жылдың 11 маусымынан бастап АӘК алды. Бiрақ тексеру барысында бұл отбасының 852 бас мал тiркелген шаруашылығы бар екенi анықталды», — дедi Нұрымбетов.

Министр бұл үрдiстер Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмағанын, Қазақстан халқына Жолдауында АӘК-тiң төлем механизмдерiн түзетудi тапсырғанын еске салды. Осыған байланысты, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi атаулы әлеуметтiк көмек көрсетудiң жаңа тәсiлдерiн, оның ашықтығын, әдiлдiгi мен еңбекке деген уәждемесiн қамтамасыз етедi.

«Ең басты принцип ¬– мемлекет көмекке мұқтаж адамдарға, әсiресе балалар мен көпбалалы отбасыларға көмектеседi! Еңбекке қабiлеттi азаматтар жұмыс iстеуi керек. Мемлекет жұмысқа орналасуға немесе шағын бизнеспен айналысуға көмектеседi. Мемлекеттiк көмекке — көп балалы отбасыларды қолдау, табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтiк көмек көрсету, табысы аз отбасылардағы балаларға кепiлдендiрiлген әлеуметтiк пакетi кiредi», — дедi Бiржан Нұрымбетов.

Министрдiң айтуынша, көп балалы отбасыларға қолдау көрсету республикалық бюджеттен мемлекеттiк жәрдемақылар енгiзу арқылы қамтамасыз етiлетiн болады. Бұл мемлекеттiк жәрдемақы барлық көпбалалы отбасыларға (4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар), табысына қарамастан төленедi. Мемлекеттiк жәрдемақы мөлшерi бала санына қарай сараланады. Әр балаға орта есеппен 10-11 мың теңге және 2018 жылдан бастап тағайындалуы тоқтатылған осыған ұқсас жәрдемақы мөлшерiнен 4-7 есе артық болады.

«АӘК табысы аз отбасыларға, соның iшiнде көпбалалы отбасыларға төленетiн болады. Ең аз күнкөрiс деңгейiнiң 70%-ын тағайындаудың шектi өлшемi қалады. 2020 жылға ең төменгi күнкөрiс деңгейi 31 183 теңге мөлшерiнде белгiлендi. АӘК мөлшерi, бұрынғыдай, отбасының әр мүшесi үшiн орташа жан басына шаққандағы табыс пен отбасының әрбiр мүшесiне ең төменгi күнкөрiс деңгейiнiң 70 % арасындағы айырманы құрайды», — дедi Нұрымбетов.

Ол сондай-ақ, орын алуы мүмкiн бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында атаулы әлеуметтiк көмек алудың кейбiр рәсiмдерi мен шарттары өзгертiлетiндiгiн атап өттi.

«Бiз тоқсан сайын АӘК тағайындау мен төлемдердi қайтарамыз. Учаскелiк комиссиялардың жұмысын күшейтемiз. Әлеуметтiк көмек алуға үмiткер отбасы қойылатын талаптарға сәйкес келмеген жағдайда учаскелiк комиссиялар АӘК тағайындаудан бас тарта алады», — дедi министр.

Бiржан Нұрымбетов АӘК алатын барлық еңбекке қабiлеттi отбасы мүшелерi жұмыс iстеуi тиiс екенiн атап өттi. Оларды жұмысқа орналастыру үшiн нәтижелi жұмыспен қамтуды және жаппай кәсiпкерлiктi дамыту «Еңбек» мемлекеттiк бағдарламасының барлық механизмдерi пайдаланылатын болады.

«Бiз оларға мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарындағы бос жұмыс орындарын және жеңiлдетiлген микрокредиттер мен бизнес ашу үшiн қайтарымсыз гранттар алуды ұсынамыз. Егер еңбекке қабiлеттi отбасы мүшесi ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемi тек оған ғана емес, бүкiл отбасына да тоқтатылады», — дедi ол.

АӘК көрсетудiң жаңа механизмдерiнде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап кепiлдi ендiрiлген әлеуметтiк пакетi ұсынылып, онда табысы аз отбасылардың балаларын қолдауға ерекше назар аударылатын болады.

«Мектепке дейiнгi жастағы балалар үшiн балалар тағамы, гигиеналық құралдар, бiлiм беру қызметтерi ұсынылады. Мектеп жасындағы балалар үшiн ыстық тамақ, мектеп киiмдерi мен керек-жарақтарын сатып алу, жол жүру шығындарын өтеу, сондай-ақ медициналық қызмет көрсету көзделген», — дедi Бiржан Нұрымбетов.

Жоғарыда аталған әлеуметтiк қолдау шараларымен қатар балалары бар табысы аз отбасыларға үй бизнесiн жүргiзу дағдыларын игеруге көмек көрсетiледi.

«Алматының барлық сегiз ауданында үкiметтiк емес ұйымдар тарапынан «Бақытты отбасы» орталықтары құрылған. Онда аналары курстардан өтiп жатқан кезде балаларының қараусыз қалмауына барлық жағдай жасалған. Курстан өткен аналарға қажеттi жабдықтар сатып алу үшiн қайтарымсыз гранттар беретiн боламыз. Бұл тәжiрибенi барлық өңiрлерде таратуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, бiз «Менiң кәсiбiм» жобасын iске қостық, оның аясында әкiмдiктердiң қолдауымен демеушiлер есебiнен аналарға шағын үй бизнесiмен айналысуға көмектесемiз», — дедi министр.

Брифинг соңында Бiржан Нұрымбетов ҚР Еңбекминi әрбiр отбасының әлеуметтiк картасын жасағанын, карта мемлекеттiк органдардың ақпараттық жүйелерiнен автоматтандырылған деректер негiзiнде отбасылардың нақты мәртебесiн анықтауға және қадағалауға мүмкiндiк беретiнiн атап өттi. Бұдан әрi бұл ақпарат өмiрлiк қиын жағдайда қалған отбасы мүшелерiн жұмысқа орналастыру және әлеуметтiк көмек көрсетудi ұйымдастыру үшiн пайдаланылады.

Мақаланың шыққан күні: 07.10.2019
Қаралым саны: 31